Спорт

Петропавлда жүгіріп бағдарлаудан ел біріншілігі өтуде

Петропавлда жүгіріп бағдарлаудан ел біріншілігі бастау алды. Дүбірлі додаға еліміздің 5 облысынан келген 100-ге тарта спортшы қатысуда.
Қазір Қарағанды облысының ұл-қыздары сайыс алдында көлеңкеде тынығып, салқындап жатыр. Бірер сәттен кейін олар жарыс жолына шығады. Жалпы, орталық Қазақстаннан өңіріміздегі сайысқа барлығы – 23 спортшы келіпті. Жасәли Советқұлдың бұл спорт түрінен 2 жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында жас бірқатар жетістікке жеткен.ЖАСӘЛИ СОВЕТҚҰЛ, жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы
– Спорт дәрежесінде 1-ші разрядты орындадым. Бірнеше ел чемпионатына қатыстым. Олардан орын ала алмадым, бірақ, бұнымен тоқтап қалмаймын. Бүгінгі жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Қарағанды облысының намысын абыроймен қорғаймыз деген үміттеміз. Бұл спортта сен әрдайым жүгіру керексің. Онымен қоймай жүгіріп жүріп ойланып, дұрыс жол таңдау қажет. Сонда ғана жеңіске жетесің.

Бүгінгі жарысқа Полина Вахрушева да қатыспақ. Жеткіншек Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғамақ.

ПОЛИНА ВАХРУШЕВА, жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы
–  Бұл спортпен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Жүгіріп жүріп бағдарлаумен айналысуыма әпкем себепкер болды. Ол да осы спортпен шұғылданады. Бүгінгі жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетемін деп ойлаймын.

Бүгін ұл-қыздар орта қашықтыққа жүгірмек. Яғни, 30 минут ішінде спортшылар старттан мәре сызығына дейін адаспай жол тауып келулері тиіс.

ЖАНБОЛАТ ДӘУІТ, жарыстың бас хатшысы
– Ертең бізде ұзақ қашықтық. Онда 1 сағат көлемінде уақыт беріледі. 3-ші күні – эстафета қашықтығы. 16,18,20 жастағы спортшылар арасында 3 кезеңдік эстафета өтеді. Ал 12,14 жастағы спортшылар арасында 2 этапты сайыс өтеді. Соңғы күні спринт өткізілмек. Қысқа қашықтыққа 10 минутқа дейін уақыт беріледі. Бұл жерде ең басты мақсат – карта бойынша өз бақылау пунктерін тауып, мәре сызығына жылдам келген спортшы жеңімпаз болады.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері шілденің 18-і күні анықталады. Оларға медаль, грамоталар мен бағалы сыйлықтар берілмек. Сондай-ақ, үздіктер ел құрамасы сапына алынып, биыл Гонконгте өтетін Азия біріншілігіне баруға мүмкіндік алады. Айта кеткен жөн, жүгіріп бағдарлау спортына баланы 6 жастан бастау баулуға болады. Қазіргі таңда әр өңірде кем дегенде 500-600 спортшы осы спорт түрімен айналысады екен.


Алдияр Айтпаев