Бүгінгі жарысқа Полина Вахрушева да қатыспақ. Жеткіншек Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғамақ.
ПОЛИНА ВАХРУШЕВА, жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы
– Бұл спортпен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Жүгіріп жүріп бағдарлаумен айналысуыма әпкем себепкер болды. Ол да осы спортпен шұғылданады. Бүгінгі жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетемін деп ойлаймын.
Бүгін ұл-қыздар орта қашықтыққа жүгірмек. Яғни, 30 минут ішінде спортшылар старттан мәре сызығына дейін адаспай жол тауып келулері тиіс.
ЖАНБОЛАТ ДӘУІТ, жарыстың бас хатшысы
– Ертең бізде ұзақ қашықтық. Онда 1 сағат көлемінде уақыт беріледі. 3-ші күні – эстафета қашықтығы. 16,18,20 жастағы спортшылар арасында 3 кезеңдік эстафета өтеді. Ал 12,14 жастағы спортшылар арасында 2 этапты сайыс өтеді. Соңғы күні спринт өткізілмек. Қысқа қашықтыққа 10 минутқа дейін уақыт беріледі. Бұл жерде ең басты мақсат – карта бойынша өз бақылау пунктерін тауып, мәре сызығына жылдам келген спортшы жеңімпаз болады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері шілденің 18-і күні анықталады. Оларға медаль, грамоталар мен бағалы сыйлықтар берілмек. Сондай-ақ, үздіктер ел құрамасы сапына алынып, биыл Гонконгте өтетін Азия біріншілігіне баруға мүмкіндік алады. Айта кеткен жөн, жүгіріп бағдарлау спортына баланы 6 жастан бастау баулуға болады. Қазіргі таңда әр өңірде кем дегенде 500-600 спортшы осы спорт түрімен айналысады екен.
Алдияр Айтпаев