МТРА жаңалықтары

Петропавлда ауызсу тарифі көтерілді

 

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Қалтадан шығатын қаржының көлемі артады! Петропавлда тіршілік көзіне бекітілген тариф 4 теңгеге көтерілді. Бұл жайлы “Қызылжар су” серіктестігінде өткен қоғамдық тыңдалымда айтылды. Осы орайда аз-кем статистикамен бөлісейік. Қаламызда баға соңғы рет 2018-де өзгеріпті. 5 жыл бұрын көрсеткіш шамамен 5 теңгеге ұлғайған екен.

Су жаңа тариф 5 жылға бекітілген. Бекітілді деп айтқанымызбен, инфляция әсер етсе тағы өзгеруі мүмкін. Бірақ, дүрлігудің қажеті жоқ. Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, төлем құны жыл сайын әрі кетсе 1-2 теңгеге ұлғаяды.

АРМАН САУТОВ, «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры:
– Халық осы айдан бастап судың әр текше метрі үшін 76,2 теңгеден төлейді. Бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға бекітілген баға – 1064 теңгені, ал заңды тұлғалар мен басқаларына 362 теңгені құрады. Айта кетерлігі, бұлар жаңа тарифке үстіміздегі жылдың қаңтарында көшірілді.

Тарифті көтеруден басқа амал жоқ. Бұған дейін «Қызылжар су» серіктестігіне бірнеше мақсат бойынша мемлекеттен миллиондар аударылыпты. Соны қайтару қажет. Яғни, берешек тұрғындар есебінен өтеледі. Үкіметтен бөлінген әлгі қаржының бір бөлігі желілерді ауыстыру, жөндеу жұмыстарына бағытталған. Атқарылған шаруаның нәтижесінде қалада апат саны бірнеше есеге азайған.

АРМАН САУТОВ, «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры:
– 2011-2012 жылдары қалада 500-ге дейін апат болатын. Былтырғы көрсеткіш 137 құрады. Ал үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде 47 жағдай тіркелді. Айырмашылық жер мен көктей. Сапаны жақсарту мақсатында желілерді ауыстыру, жөндеу жұмыстары міндетті түрде жалғасын табады.

Биыл Петропавлда 5 шақырым су және 1 жарым шақырым кәріз желісі ауыстырылмақ. Тағы жүздеген құдық жөнделмек. Дегенмен, құбырлардың тозу көрсеткіші әлі жаға ұстады.

АРМАН САУТОВ, «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры:
– Қаладағы су құбырының 58 пайызы тозған. Ал кәріз желісінің тозу көрсеткіші 67 пайызды құрап отыр. Осы себепті бір орында тоқтап қалмай жұмыс істеу қажет.

«Қызылжар су» серіктестігі қазба жұмыстарын жүргізген жерді қалыпқа келтіреді. Биыл кәсіпорын өкілдері шамамен 300 шаршы метрге асфальт төсеген.

Байболат Култанов