Университет түлектеріне диплом табысталды

Білім

17:45 13 Шілде 2022

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бакалавриат және магистратура түлектеріне диплом табысталды. Бұл күнді акт залында отырған жандардың бірі – 4, ал екіншісі 2 жыл күтті. Қазір қолдарына жоғары білімді растайтын құжат алады. Түлектердің қуанышына облыс әкімі бөлісті. Құмар Ақсақалов жиналған қауымды тарихи сәтпен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Келешекте егемен еліміздің дамуына өздеріңіздің үлестеріңізді қосып, бітірген университеттің беделін арттыруға тілектеспін. Ел үшін аянбай еңбек етіп, елдің сенімін ақтайтын азамат болыңыздар! Баршаларыңызға жарқын болашақ, ақ жол тілегім келеді.

Алдымен магистратура тәмамдаған жандар диплом алды. Үздік түлектерге көк түсті құжатты облыс әкімі табыстады.

Мақсат орындалды. Қошеметке бөленіп, орындарына жайғасқан жандардың бірі армандаған диломдарын камераға көрсетуде, екіншілері іште жазылғанды асыға оқуға. Қуанышта шек жоқ. Кейін кезек өзге түлектерге келді. Оларға құжатты елге белгілі азаматтар табыс етті.

Дилом табыстау рәсімінде құттықтау сөздер жиі естілді. Сахнаға Аризона университетінің стратегиялық бастамалар директоры Рикки Салазар да шықты. Ол жылы лебізін білдірді және арадағы әріптестік биік белестерді бағындыруға септесетінін мәлім етті. Мұның барлығын түлектердің жақындары даладан, нақтырақ айтсақ, үлкен экраннан тамашалады. Күннің ыстығына қарамастан университет алдына әжептәуір адам жиналды. Барлығының жүзінен қуаныш сезімі байқалады.

БЛИЦ
– Еңбектері жансын! Жастар аман болса, біз де аман жүреміз. Білімді жастарымыз көп болсын!
– Немереміз магистратура, ал жиеніміз университет бітіріп жатыр. Қуанышқа келіп отырмыз. Өте қуаныштымыз.

Көп ұзамай далаға түлектер де шықты. Олар жақындарынан құттықтау қабылдады, гүл алды. Бір байқағанымыз, құрметке бөленгендердің арасында үлкен жастағы адамдар да бар.

БЛИЦ
– Ата-анам келді. Гүл сыйлады. Атымды айтқанда қобалжыдым. Өзім осы университетте қалып, жұмыс істеуді жоспарлап отырмын.
–  Учиться никогда не поздно! Надо пробовать, верить в свои силы. Надо мечтать и идти к своей мечте. Моя мечта сбылась.

Қуанышы қойнына сыймай жүрген жандардың бірі – Жәмилә Әлімханқызы. Ол топтастарымен естелік суретке түсіп жатыр. 2 жылда әбден бауыр басып кеткен алматылық ару қасымдағы қызылжарлықтарды, университетті сағынамын дейді.

ЖӘМИЛӘ ӘЛІМХАНҚЫЗЫ, педагогика-психология ғылымдарының магистрі
– Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірдім. Ал магистратураны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде тәмамдап отырмын. Ұстаздарға алғысымды білдіремін. Өте қуаныштымын.

Жалпы, биыл Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін 1998 адам тәмамдамақ. Оның 194-і – магистр.


Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Оқушылардың жазғы демалысы 5 күнге қысқарады