ТЖ

Тайынша ауданында болған дүлей дауыл мектеп шатырын ұшырып әкетті

 

Тайынша ауданында болған дүлей дауыл мектеп шатырын ұшырып әкетті.

Бұл кадрлар күні кеше ғана әлеуметтік желіде тез тарап, жұртшылықтың қызу талқысына түсті. Оқиға шілденің 11-і күні Тайынша ауданындағы Чермошнянка елді мекенінде болған. Қатты дауылдың салдарынан ауыл мектебі шатырының біраз бөлігінен айырылды. Мамандардың айтуынша 900 шаршы метрден астам аумаққа зақым келген. Тұрғындар арасында ешкім жапа шеккен жоқ.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Чермошнянка ауылындағы мектеп 65-ші жылы қолданысқа тапсырылған. Соңғы рет күрделі жөндеуден 2008-де өткен. Сол кезде шатыры да толығымен ауыстырылған екен. Енді облыстық білім басқармасы осы мәселені жуық арада шешу мақсатында бірқатар істі қолға алмақ.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Дмитрий Растихин өңірдегі өрт оқиғаларына да тоқталып өтті. Жыл басынан бері 374 факті тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 29 адам көз жұмды. Тағы 7 азамат түрлі дене жарақатын алды. Қызыл жалын келтірген материалдық шығын көлемі 284 млн теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, оқыс оқиғалардың 77%-ы жеке секторда болған.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Жер үйде тұратын тұрғындарға баспаналарына датчик орнатқан тиімді. Бұл құрылғы от тұтанған сәтте дабыл қағады. Ұйықтап жатқан адамды ұйқысынан оятады. датчикті, әсіресе, пешпен жылытылатын үйлерге орнатуға кеңес беремін. Сондай-ақ, қысқа осы бастан қамдану қажет. Пештерді жөндеп, тазалау керек.

Сонымен қатар, өңірде өрттің қауіпті кезеңі басталғалы ормандарда қызыл жалын 28 рет бас көтерген. Орман өрттерінің көбі М.Жұмабаев ауданында тіркеліпті.


Дана Ешкенова