МТРА жаңалықтары

Петропавлда пәтер ұрысы ұсталды

 

Петропавлдық полицейлер бірнеше пәтер ұрлығын ашты. Жақында қаламыздағы Панфилов көшесі бойындағы баспаналардың біріне ұры түсті. Баукеспе ішке терезе әйнегін сындыру арқылы кіреді. Ол алтын әшекейлер мен қомақты ақшаны жымқырады. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 3 миллион теңгеге жуық. Қолының қыспасы бар 33 жастағы ер адам көп ұзамай-ақ ұсталды. Күдікті – бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған және бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылған қала тұрғыны.

ЛЮФТ:

– Прошёл сразу в комнату. Вошёл в комнату, открыл сервант, увидел золото. В карман положил и так же в окно вылез и ушёл.

Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде күдіктінің жалпы 7 бірдей ұрлық фактісіне қатысы бары анықталады.

ДАНИЯР ҒАЛИАҚПАРОВ, қалалық ПБ екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары:
– Күдікті адам азаматтардың үйлеріне әйнектерін бұзып кіріп, олардан ақша және алтын бұйымдарды ұрлаған. Күдікті қамауға алынды.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, баукеспе әрбір ісіне байыппен барған. Ол бөтеннің үйіне әдетте тұрғындар жұмыста болатын және көшеде көп адам жүрмейтін таңғы 9 бен 11-дің аралығында түсіп отырыпты. Қазіргі уақытта тергеу материалдары сотта қаралуда.


Байболат Култанов