МТРА жаңалықтары

Құрбан айт мейрамы

 

Петропавлдықтар Құрбан айт мерекесін қарсы алды. Сенбі күні таңғы сағат 7-де “Қызылжар” орталық мешітіне жамағат көп жиналды. Алдымен мұсылман қауымы бір сапқа тізіліп, айт намазын оқыды.

Құрбан айтта Алла разылығы үшін жасалатын игі амалдардың бірі орындалды. Мешіттен шыққан ағайын ұлы мерекеге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік білдіріп, жерлестерімізді айтпен құттықтады.

БЛИЦ:
– Құрбай айттарыңыз құтты болсын! Келесі айтқа дейін аман-есен жетуді нәсіп етсін. 34 Ниетіміз қабыл болсын.
– Құрбан айт қабыл болсын! Таңертең ерте тұрып намазға келіп, көпшілікпен қосылып құлшылық жасадық. Енді құрбан шалуға ниеттеніп тұрмыз.
– Айтта әр адамның ойы, арманы болады. Соның барлығы орындалуға жазсын. Елімізде тиыштық болсын.

Ендігі кезек – құрбан шалуда. Бұл амал мұсылманның жағдайы жетсе міндет болып саналады. Биыл 3-ші жыл қатарынан Алла разылығы үшін мал сою рәсімі екі форматта жасалуда. Біріншісі оффлайн түрде. Құрбан малын сату мен оны сатып алу ісі Космонавт көшесі, 2 мекенжайындағы арнайы орында жүріп жатыр. Мұндағы қойдың орташа бағасы 70 мың теңгені құрайды.
Қазір Бекжан Жамбетов Алла разылығы үшін құрбан шалуда. Ағамыз елі мен жанұясының амандығы үшін жыл сайы дұға тілеп, мал сояды.

БЕКЖАН ЖАМБЕТОВ, қала тұрғыны
– Бірінші тілегім – еліміз аман-сау болып, тиыштық болса деймін. 1-04 Қазақ халқымыз арта берсін.
Құрбан етін үшке бөлу керек. Бір бөлігін өзіне, екінші бөлігін көршісіне, үшіншісін жетім-жесірлерге тарату керек. Әрине, бәрін солай орындаймыз. Жасым 70-ке келді. 40-45 жыл бойы құрбан шалып жүрмін.

Ал жолдағы немесе басқа да себептермен дәстүрлі түрде құрбан шала алмайтын жандар qurban2022.kz сайтының көмегіне жүгіне алады. Заман игілігі арқылы мал сатып алуға өтініш тастауға болады. Бүгінге дейін 5 жерлесіміз қой алуға ниет білдіріпті. Айта кету қажет, бұл платформа арқылы құрбан етін алу үшін де өтініш тастауға болады екен.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы
– Өтініштер түсіп жатыр. Қазіргі уақытта бізде етке мұқтаж жандардың тізімі бекітілді. Шамамен 170-ке тарта мұқтаж жанұя бар. Алла қаласа, осы құрбан етінен үлестіретін боламыз. Былтырдың өзінде мыңға тарта жанұя құрбан етінен алған болатын. Биыл да тиімді түрде үлестіруге тырысамыз.

Құрбан малының тістері түгел, құлағы мен мүйізі бүтін болуы шарт. Жасына келер болсақ, қой 1, қара мал 2, түйе 5 жылдан асуы тиіс.


Алдияр Айтпаев