МТРА жаңалықтары

“БЖК-2025”: Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны тігін цехін ашты

 

Киімнің түр-түрі, төсек-жабдық. Он саусағынан бал тамған Жанар Мұстафина бір дүниені 2 сағаттың ішінде тігіп шығады. Ары қарай санай беріңіз.
Бала кезінде анасы үйреткен іс қазір негізгі табысты жұмысына айналып отыр. Бұл – отбасылық бизнес. Тігін цехін биыл нәзікжандының ұлы “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында ашқан. Іскер азамат 5 млн теңгенің грантына ие болған екен.

ЖАНАР МҰСТАФИНА, Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны:
– Бұл қаражатқа өзімізге қажет құрал-жабдықтарды сатып алдық. Ресейден автоматтандырылған тігін машинасы мен кәсіби үтік алып келдік. Матаның түр-түрін Түркиядан алдырттық. Түркиялық өнім сапалы болып саналады. Наурыз айынан бері жұмыс істеп жатырмыз. 4 адам жұмыспен қамтылған. Іс барысын анам қадағалайды.

Өйткені, Жанар Мұстафинаның анасы Бибізара Ахметова 40 жылдан астам уақыт бойы тігінші болып еңбек еткен. Кезінде өз кәсібі болған екен. Яғни, тәжірибесі көп. Бір қызығы, бұл кісінің де анасы он саусағынан бал тамған шебер болған екен. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қарым-қабілет бүгінде кәсіп ретінде дамып келеді.

БИБІЗАРА АХМЕТОВА, Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны:
– Анам тігінші болған. Тігіншілікке бала кезімнен жақынмын. 73 жасқа келсем де сүйікті ісіммен әлі айналысып жүрмін. Таңертен келіп қыздарға тапсырма беремін, қадағалаймын. Базарда сауда нүктеміз бар. Сонда барып сатамын.

Шеберлер негізгі дүниені белгілі бір жоспармен, арнайы үлгіге сүйене отырып тігеді. Дегенмен, тапсырыс берушілер арасында өз қалағанын білдіріп жататындар да аз емес.

Жалпы, “Бизнестің жол картасы” бағдарламасының берер мол. Оның игілігін былтыр 3 аудан тұрғыны пайдаланған. Іскер азаматтар 12 млн теңгенің грантын алыпты.
Жобалар – киімді химиялық тазалау, тротуар тақталарын жасау және киім тігу.


Самал Жунусова