Ауа райы

Шілде айына арналған ауа райы болжамы

Келе жатқан аптада солтүстік өңірде ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде. Ауа температурасы 25 градусқа дейін, облыстың оңтүстігінде 28 градусқа дейін жоғарылайды. Алайда, екінші онкүндікте термометр қайтадан 15-20 градусқа дейін төмендеп кетпек. Синоптиктердің айтуынша температураның құбылуы облысымыздағы күн райы үшін қалыпты жағдай.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде 7-12 градус жылыға, күндіз 15-20, облыстың шығысында 23 градус жылыға дейін төмендеуі күтіледі. Кейін ауа температурасы түнде 13-18, күндіз 25-30 градус жылыға дейін біртіндеп жоғарылауы болжанады.

Шілде айының соңы теріскейліктерді біраз қуантпақ. Табиғат аясында демалыстарды осы кезде ұйымдастырып, жеңіл жейде мен көйлектерді алып шығуға болады.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 16-21, оңтүстік-батысында 13 градус жылыға дейін, күндіз 28-33 градус жылыға дейін жоғарылауы күтіледі. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 11-16, күндіз 23-28 градус жылыға дейін төмендеуі күтіледі.

Айта кетейік, күнделікті жауып жатқан жауын-шашынға қарамастан, синоптик мамандардың айтуынша жауынның айлық мөлшері норма шамасында болады деп күтілуде.

Самал Жунусова