Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Шаһар жолдары жүргізушілердің бас ауруына айналды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында петропавлдықтар өңір жетекшісінен жол жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатынын сұрады.

Проблемалық учаскелердің бірі – Бөкетов көшесі. Бұл жол 2-ші жыл қатарынан жөнделіп жатыр. Маусымның 15-і күні қалалық әкімдік өкілдері жол шілденің 1-іне дейін ашылады деп уәде еткен болатын. Алайда, берілген уәде орындалмады.

ЖАНБОЛАТ БАТЫРБЕКОВ, Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

– Ауа райының қолайсыздығынан бұл мерзім тағы бір аптаға шегерілді. Бүгінде Бөкетов көшесі бойында суағарлар салынып бітті. Енді асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша көше шілденің 7-сі күні ашылады.

Бөкетов көшесінен бөлек, қалада Жұмабаев, Горький, Алтынсарин және Громова көшелері де жөнделіп жатыр. Соңғы аталған екеуіндегі шаруа тамыздың 1-іне дейін аяқталмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Соңғы 5 жылда облыс орталығында 60 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделді. Ұзындығы 23 шақырым болатын суағарлар жаңартылды. 6 мыңнан астам жарық бағаны орнатылды. Сондай-ақ, 5 жылдың ішінде 460 аула қалыпқа келтірілді. Биыл тағы 77 аулада жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Кездесу барысында Қапай шағын ауданы жайлы да сөз болды. Бүгінде бұл ауданда еңкіш тартқан ескі үйлерді бұзу жұмыстары қарқынды жүрып жатыр. Жуырда ғана 17 баспана сүріліпті. Енді бұл жерге 9 көпқабатты үй тұрғызылмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Жоспар бойынша Қапай ықшам ауданында 27-і 9 қабатты үй бой көтермек. Нәтижесінде 2800 пәтер қолданысқа тапсырылады. Сондай-ақ, аталған ауданда балабақша, мектеп және емхана салынады. Бұл аумақ облыс орталығының көрікті аудандарының бірі болмақ.

Тұрғындар облыс әкімінен 2-ші жылу электр орталығының жағдайын да сұрастырды. Құмар Ақсақалов қыркүйектің 1-іне дейін 6 қазандық іске қосылуы тиіс деді. Қазір олар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал қараша айында тағы 3 қазандық жұмысын бастайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Келесі жылы біз 2 бірдей жаңа мұржа тұрғызамыз. Екеуі де жоғары қысымға шыдас беретін арнайы материалдардан салынады. Бұл құрылыс жұмыстары тарифке еш әсер етпейді. Тариф тек көмірдің қымбаттауы мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдай қазір өзге өңірлерде байқалып жатыр.

Бүгінде Петропавл әуежайының жағдайы да мәз емес. Осымен 3-ші рет саудаға шығарылған нысанды алам деушілер табылмапты. Құмар Ақсақалов кірісінен шығысы көп нысанның қарыздары жабылды, бірақ оған әлі қыруар қаржы құю керек дейді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Әуежайдағы шаруаларды толық аяқтау үшін әлі миллиардтаған қаржы қажет. Біз қолдан келгенше қолдау көрсеттік, бірақ қаншама ақша жұмсалғанымен жағдайы әлі де түзелер емес. Сондықтан, әуежай сатылып кеткенше дейін саудаға шығарылып отырады. Бизнесмендер қызығушылық танытып қалар. Нысанда тағы жанармай құятын бекет болса жақсы болар еді. Мәселен, Алматы әуежайының табысының 40 пайызы жанармай құю бекетінен түседі.

Жыр болған тағы бір нысан ол – облыс орталығында салынып жатқан көпсалалы аурухана. Оның құрылысы министрлердің ауысуына байланысты тоқтап тұрған көрінеді. Бірақ, алдағы уақытта жағдай реттеліп, құрылыс жұмыстары жалғасады. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың сөзінше, жоспар іске асса, емдеу мекемесі келесі жылы қолданысқа тапсырылуы мүмкін.


Дана Ешкенова