СҚО-да алғаш рет мәдениет саласы мамандарын даярлауға білім гранттары бөлінді.
Өңірде соңғы жылдары филармония, театрларда, кітапханаларда және архивте маман тапшылығы байқалады. Оған қоса, қазірдің өзінде мәдениет саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің тең жартысында жоғары білімдері жоқ екен. Сондықтан, осы мәселені шешіп, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін жергілікті мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдiрейісов облыстық әкімдікке жүгінген.
Досбол Әбдiрейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– Бұл ұсыныс бірден облыс басшысынан қолдау тапты. Енді бізге ағымдағы жылы 15 маманды даярлауға облыс әкімінің гранты бөлініп отыр. Бұл гранттардың саны жыл сайын артып отырмақ. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін біз мәдениет саласына 100 жоғары білімі бар маманды даярламақпыз.
Сонымен, жас өнер иелері жоғары білім беру ұйымдарында тегін оқып қана қоймай, шәкіртақы да алады. Әзірге, ай сайын төленетін степендияның көлемі – 30 мың теңге. Қуантатыны, бұл сома жыл сайын артпақ. Мұндай мүмкіндікті естіген жастар еліміздің әр аймағынан хабарласып, оқуға түсуге ниет танытып жатқан көрінеді.
Досбол Әбдiрейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– Бүгінгі таңда бұл жаңалықты естіп, біздің басқармаға келіп жатқан жастар да, ата-аналар да жетерлік. Оңтүстік өңірлерден хабарласып, біз бұл грантқа қатыса аламыз ба деп сұрастырып жатқан ұл-қыздар да бар. Міндетті түрде олар қатыса алады. Бірақ, бір шарт бар. Оқуды аяқтаған соң міндетті түрде 3 жыл бұл жастар біздің мәдениет саламызда еңбек етуі тиіс.
Жастар мынаны ескеруі тиіс. Біріншіден, облыс әкімінің грантына үміткерлер міндетті түрде ҰБТ-де межелі балды жинауы керек. Екіншіден, болашақ студенттер шығармашылық емтиханнан алдын ала өтуі қажет. Байқау жоғары оқу орны тізімі анықталғаннан кейін өткізіледі. Досбол Әбдiрейісовтың айтуынша, конкурстық комиссия құрылады.
Досбол Әбдiрейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
– Бізде облыстық комиссия отырысы өткізіледі. Сонда ұл-қыздар өз құжаттарын ұсынып, талдау, таңдау жасалады. Жалпы, СҚО-да жалғыз ғана университет бар. Өкінішке қарай, бұл білім беру ордасында мәдениет саласына қатысты мамандықтар аз. Оларда дәстүрлі әншілерді, режиссерлерді және музыкалық аспаптарда ойнайтын мамандарды даярламайды. Сондықтан, біз жергілікті университетпен бірге бұл тізімді көбейту үшін бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.
Алдағы уақытта жергілікті университетте арт-дизайн, арт-менеджмент, режиссер, продюсер секілді мамандықтар ашылмақ.
Дана Ешкенова