МТРА жаңалықтарыТуризм

Меңкесерде демалыңыз!

Бұл – Мамлют ауданында орналасқан Меңкесер көлі. Қасиеті жағынан Өлі теңізден еш кем түспейтін тұзды су айдыны қазір көпшілікке таныс. Мұнда жаздыгүні жан-жақтан адамдар келіп демалады, ем қабылдайды. Осы орайда өткен жылғы статистиканы тілге тиек етейік. Былтыр демалыс күндері көл жағасында жүздеген көлік пен 2 мыңға дейін адам болыпты. Биыл әр темір тұлпардан 1 жарым мың теңге алынады.

ОЙРАТ НҰРМАҒАНБЕТ, «Мамбетов и К» КС бас экономисі, Мамлют ауданы:
– Көлдің ауданы шамамен – 60 км. Ең терең жері – 4 метр. Көлдің сазы бар. Саз буын, тері ауруларын емдейді.

Көбі тұзды су мен саз үшін жүздеген шақырымды еңсереді. Күн ысыса жақын маңдағы ағайын да осында ағылады. Мысалы, Сәуле Бисембина Меңкесерге іргедегі Қызылжар ауданынан тұрақты түрде барып тұрады екен. Бүгін жанында қонаққа келген бала-шағасы бар. Балдай тәтті немерелерінің көлден шыққылары жоқ. Анадайдан апаларына қол былғап қояды.

СӘУЛЕ БИСЕМБИНА, Архангельское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мына жерде отыратын, тамақ ішетін жер бар. Самаурын қоюға да болады. Бәрі жақсы. Бізге ұнайды.

Келушілер мұнда кәуәп та дайындай алады. Ол үшін мангал беріледі. Әрине, бұл қосымша ақшаны қажет етеді. Биыл Меңкесер көлінің жағасында біраз өзгеріс орын алыпты. Жағажайды жалға алған кәсіпкер демалушылардың санын ұлғайту үшін аумақта түнеу орындарын ашқан екен.

ОЙРАТ НҰРМАҒАНБЕТ, «Мамбетов и К» КС бас экономисі, Мамлют ауданы:
– Биыл қосымша киіз үйлер мен душ кабинасын қойғыздық. Бұрын балалар ойнайтын 1 алаң болған. Биыл тағы біреуін салдық.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Меңкесер көлінің жағасына келген демалушы өзін қазақы ауылда жүргендей сезінеді. Себебі, мұнда қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Былтыр киіз үйлердің саны небәрі 3-еу болыпты. Биыл 10-ға жеткен екен. Іштегі жағдаймен танысайық.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Ассалаумағалейкум, қош көрдік! Мына жер әр уақытта осылай жылы болып тұрады ма?

АЗАТ ДӘУЛЕТОВ, «Мамбетов и К» КС өкілі:
– Іште жылы болады. Келуге болады. Киіз үйге 15 адам сыяды. Тек адамдар өздерімен көрпе алып келулері керек.

Жағажайға жауапты Азат бізге үлкен киіз үйді көрсетті. Оны 1 тәулікке 20 мың теңгеге жалдай аласыз. Қалғандары сәл кішкентай. Олар үшін қалтаңыздан 10 мың теңге шығаруға тура келеді. Айта кетерлігі, әр киіз үйде жарық бар. Электр энергиясы мұнда биыл тартылыпты. Көлдің жағасы әлі де дами түседі. Жақын арада Меңкесер ауылының тұрғыны осы маңда бие байлап, демалушыларға саумал, қымыз сатуды жоспарлап отыр екен.

Байболат Култанов