Білім

Колледжге құжат қабылдау науқаны жүріп жатыр

 

СҚО кәсіптік-педогогикалық колледжіне талапкерлерден құжат қабылдау жүріп жатыр. Науқан маусымның 25-ші жұлдызында бастау алыпты. Небәрі 2 күннің ішінде оқуға түсу үшін 72 бала өтініш білдіріпті.

Солардың бірі – Степан Гнедков. 16 жастағы бозбала – Мамлют ауданындағы Меңкесер ауылының тұрғыны. Ол болашақта аспаз атанғысы келеді.

Степан Гнедков, талапкер, Мамлют ауданы:
– Мен бала кезімнен аспаздық өнерге қызығамын. Үйде кейде анама көмектесіп, тамақ дайындаймын. Сондықтан, таңдау осы мамандыққа түсті. Арманым – болашақта маман атанып, жақсы мейрамханада жұмыс істеу. Ал одан кейін өз кәсібімді ашқым келеді.

Биыл мемлекет тарапынан оқу орнына берілген тапсырыс көлемі 340 орынды құрайды. Яғни, осынша гранд бөлінбек. Бұл өткен жылға қарағанда көп. Сонымен қатар, алдағы қыркүйекте колледжде қызылордалық балалар да білім алуы мүмкін. Жақында Сыр еліне арнайы комиссия аттаныпты. Мамандар мекемелерді аралап, жастарды теріскейге тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр екен. Нәтиже бар. Бүгінде 1 баланың құжат тапсырғаны мәлім.

Айсұлу Мейрамова, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
– Қабылдау комиссиясы мүшелері Қызылорда өңірінде балаларға кәсіптік бағдар жүргізіп, оларды оқуға шақыру жұмысымен айналысып жатыр. Қызылорда облысының 15 аудандық білім бөліміне және 4 қалалық мектепті аралап, балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Біздің колледжде 9-шы сыныптан кейін талапкерлерге 2 мемлекеттік тілде мамандықтар ұсынылып отыр.Бірінші мамандық – жол қозғалысын ұйымдастыру инспекторы, ал екіншісі – дене шынықтыру мұғалімі. Ал орыс тілінде төтенше жағдайда қорғау, дене шынықтыру мұғалімі және аспаз мамандығы, сонымен қатар, автоэлектрик және электрик мамандықтары бар.

Құжат қабылдау науқаны тамыздың 27-ші жұлдызына дейін жалғаспақ. Жалпы, бүгінде облыстық кәсіптік-педогогикалық колледжде 1100-ге тарта жас білім алады. Олардың арасында түркістандық, жаңаөзендік балалар да бар.