МТРА жаңалықтары

СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті. Күн тәртібіне 2 мәселе шығарылып, марапаттау рәсіме енген шара әнұран орындаудан басталды.

Бұл жандардың ұлты басқа болғанмен, жұмырдықтай жүректері Қазақстан деп соғады. Әнұран шырқалып, жиналғандар орындарына жайғасты. Сессияда алғаш қаралатын мәселе – мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар.

Ғани Нығыметов, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, СҚО әкімінің орынбасары:
– Біздің алдымызда Жаңа Қазақстанды құру бойынша биік міндеттер тұр. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл жол саяси-қоғамдық формацияның жаңаруымен ұштасатын болады.

Жаңа Қазақстанды құруға әр отандасымыз ат салысуы қажет. Алдағы уақытта этномәдени бірлестік басшылары ерекше форматта үлес қоса алады. Олар арнайы оқудан өтіп, медиация саласын меңгермек. Осылайша, қоғамдағы татулықты, тұрақтылықты сақтау біркісідей қатыспақ.

Ғани Нығыметов, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, СҚО әкімінің орынбасары:
– Келешекте этномедиаторлардың мүмкіндігін этносаралық қарым-қатынас саласында, нақтырақ айтсақ, алдын алу және ақпараттандыру жұмыстарында белденді қолдану қажет. Оқыту тегін жүргізіледі. Білікті мамандар дәріс оқиды. Бізге этномедиаторлар аса қажет. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде ішкі саясат басқармасына тапсырма беремін.

Болашақ жастардың қолында. Сондықтан, тізгін ұстар қыз-жігіттерді бүгіннен дайындау қажет. Бұл істе де Ассамблея белсенділік танытып, білімді әрі білікті кейінгі буын өкілдерін дайындауға міндетті. Сонымен қатар, қазақ тілінін мәртебесін арттыруда да аянып қалмауымыз қажет.

Ғани Нығыметов, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, Достық үйінде қазақ тілін оқыту кабинетін ашу керек. Бұл мәселені ішкі саясат пен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бақылауға алсын. Орталыққа адамдарды тартып, тіл үйренемін деушілердің қатарына арттыру қажет.

Тіл үйренуге құштар жастар жетерлік. Данияр Кудьяров жиынға Аққайың ауданынан келіп қатысуда. Белсенділігімен танылып жүрген 16 жастағы жерлесіміз – балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілі. Мінберге шығып сөз алған ол өзін қазақ тілінде таныстырды.

Данияр Кудьяров, балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілі, Аққайың ауданы:
–  Аққайың ауданының жастар мәслихатының депутатымын. “Елбасы медалі”-нің қол жүлдегерімін және осы жобаның амбассадорымын.

Бұдан соң облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары таңдалды. Оған жиналғандар бірауыздан «Қазақстанның Орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы Владимир Витченконы лайық деп танып, дауыс берді.

Шара соңында еңбегімен ерекшеленген жандар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктерге гранттар табысталды.


Байболат Култанов