М.Жұмабаевтың дүниеге келгеніне – 129 жыл

Мәдениет

20:56 23 Маусым 2022

Мағжан мұрасы мәңгілік. Бүгін “QYZYLJAR art” орталығында Мағжан Жұмабаевтың 129 жылдығына орай шығармашылық кеш өтті.

Ашық аспан астында өткен іс-шараны Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің мамандары ұйымдастырған. Жиынға келген қонақтардың назарына алты алаштың ардақ тұтар арысы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызмет жолы, шығармашылығы жайлы архив құжаттары ұсынылды.

 Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Архивте Мағжанның Петропавл қаласында қызмет жасағаны жөнінде деректер бар. Өзінің қолымен толтырған құжаттар да сақтаулы. Сонымен қатар, 1921-22 жылдары ашаршылық кезінде жүргізген есебі, осы жағдайға қатысты қағаз бетіне жазған ойы да архивте бар. Аштықта қырылып жатқан азаматтарды бақылауға алып, оларға көмек ұйымдастырған жайлы да ақпарат бар. “Бостандық туы” газетінде редактор болып, сондағы мақалалары да сақталған.

Тағы, архив қызметкерлері біртуар тұлғаға қатысты жуырда анықталған тың деректермен бөлісті. 1918 жылы желтоқсан айында Көкшетау қаласында “Алаш” пен “Үш жүз” партияларының біріккен отырысы өткен. Жиында алаштың ардақ тұтар арысы Мағжан Жұмабаев сөз алып, былай деген: “Біз қазақ халқы өз автономиямызға қол жеткіземіз. Бұл біздің үйіміз болады. Біз жаңадан құрған мемлекет “Алаш” символы астындағы Қазақстан деп аталамыз”- депті. Сондай-ақ, жиын барысында 1925 жылы ұлт зиялыларын қудалау кезінде Мағжанның Ташкентке қашуға мәжбүр болғандығы жайлы айтылды.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Біз Мағжанның өмірі жайлы, шығармашылығы жайлы үнемі жинақтаудамыз. Бүгінгі жиында ақиық ақынға қатысты деректі фильм де көрсетіледі. Сонымен бірге, Ресей елінің архивтерінен көптеген деректер табылып жатыр. Мысалы, Мағжанның 125 жылдығының алдында тұңғыш жазылған “Ұлпан” өлеңдер жинағын тапқан болатынбыз. Бүгін бұл жинақта көрсетіледі.

Шығармашылық кеште архив қызметкерлері жиналған қауымға ақиық ақынның өлеңдерін де мәнерлеп оқып берді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 84 жыл бұрын ақынға жалған айып тағылып, Алматыда түрмеде жатқан жерінде ату жазасына кесілді. Сол кезде біртуар тұлғаның өлеңдерін, туындыларын оқуға, жаттауға тыйым салынды. Араға 22 жыл уақыт салып әдебиет майталманы ақталды. Маусымның 25-сі күні жерлесіміздің дүниеге келгеніне 129 жыл толмақ. Мағжан сенген жастар оның атын ешқашан ұмытпайды.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

«Мәңгілік» би ансамблі халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды
Балалар кітапханасында екі бірдей көрме қанат жайды
Тіл тағдыры – ел тағдыры
«Мәңгілік» би ансамблі халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды
Облыстық қуыршақ театры кезекті маусымын қорытындылады
Өнерпаздар Шал ақын ауданына барды
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихы
Алдағы үш мереке қалай аталып өтіледі?