МТРА жаңалықтары

Алқаптарды химиялық өңдеу

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ – тілші
– Кеше өңіріміздің біраз бөлігінде жаңбыр жауды. Бұл өте жақсы. Ылғал астықтың бітік шығуына септеседі. Ендігі міндет – өнімді зиянкестерден, арамшөптерден және аурулардан қорғау. Тиісті күрес жүргізілмесе, еңбектің бәрі далаға кетеді.

Мұны өңір шаруалары бес саусақтай біледі. Бүгінде Қызылжар ауданында 50-ден астам агроқұрылым болса, соның барлығы бірдей алқаптарда химиялық өңдеу жұмысын жүргізіпті. Мысалы, мына танап «Сервис-ЖАРС» серіктестігіне тиесілі. Зиянкестерге, арамшөптерге және ауруларға қарсы сұйықтық шашылғасын бидай күннен-күнге көтеріліп келеді.

ӘНУАР ҚОЖАХМЕТОВ, «Сервис-ЖАРС» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Бүгінгі күнге дейін «Сервис-ЖАРС» серіктестігінде химиялық өңдеу жұмысы 95 пайызға тындырылды. Яғни, алқаптарға фунгидцид, гербицид және инсектицид сіңірілді. Бұлар өсімдіктің қиындықсыз өсуіне көмектеседі. Қазіргі таңдағы басты мәселе – бидай трипсі. Бұл зиянкеспен дер кезінде күреспесе, мол өнімді армандамай-ақ қойса да болады. Сондықтан, іске басымдық беріп жатырмыз.

Алдағы бірер күнде серіктестікте химиялық өңдеу жұмысы толығымен аяқталады. Алайда, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Ауру мен зиянкестер кез келген сәтте бас көтеруі мүмкін. “Егер жағдай ушықса, танаптарға тағы фунгидцид пен инсектицид сіңіреміз”,- дейді Әнуар Қожахметов. Айта кету қажет, агроқұрылым басшылары Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығының жергілікті өкілдерімен тығыз байланыста. Қос тарап бірлесіп алқаптардағы зиянкестердің көлемін анықтайды екен.

МҰРАТ ӘМІРОВ, Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы СҚО Қызылжар аудандық филиалының жетекшісі
– Мониторинг жасаймыз. Сосын алқаптарға шығып, тексеріс жұмысын жүргіземіз. Осылай анықталады. Соңында акт толтырамыз.

Биылғы тексеріс жұмыстарынан кейін қызылжарлық шаруаларға зиянкестерді жою бойынша 22 хабарлама беріліпті. Қазір диқандар мынаған назар аударуы қажет екен.

МҰРАТ ӘМІРОВ, Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы СҚО Қызылжар аудандық филиалының жетекшісі
– Рапс майлы дақылында қырыққабат күйесі екінші буында дамып жатыр. Ал зығыр зығыр трипсімен зақымдаған. Мамыр айынан бастап шалғын көбелегінің жаппай ұшуы байқалуда. Бірақ, көктем мен жаздың басында болған төмен температура шалғын көбелегінің жаппай дамуына кедергі болды.

Алдағы уақытта облыста септориоз ауруы да байқалуы мүмкін екен. Жалпы, қазір Қызылжар ауданында фитосанитарлық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Енді өңір көлеміндегі дерекпен бөлісейік. Бүгінге дейін аймақта 2 млн гектардан астам жер – арамшөптерге, 417 мың гектар – зиянкестерге және 212 мың гектарға жуық алқап ауруларға қарсы өңделіпті. Өлкеде ахуал бірқалыпты болғанымен елдегі жағдай мәз емес. Биыл Қазақстанда үйірлі шегірткелер 997 мың гектарға таралыпты.

АЛМАБЕК МАРС, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:
–  Оның ішінде итальяндық прус – 760 мың га, азиялық шегірткелер – 201 мың га және марокко шегірткелері 35 мың га таралды. Сонымен қатар, саяқ шегіртке зиянкестері 270 мың га алаңда таралған. Жалпы, шегірткелерге қарсы күреске республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 659 млрд теңге бөлінді. Қаржы құралдары пестицидтер мен химиялық өңдеу бойынша қызметтерді барлық болжанған алаңға сатып алуға мүмкіндік берді.

Ұсынылған дерекке сүйенсек, республика аумағында ерекше қауіпті организмнің – 12, зиянды организмнің – 5 және карантиндік обьектілердің 14 түрі таралған.

Байболат Култанов