Өңірде мемлекет тарапынан ақшалай көмек алып, кәсібін домалатып отырған жандардың қатары жылдан жылға артып келеді. Биылдың өзінде “Аграрлық несие корпорациясының” жергілікті филиалы 20 млрд 4 млн теңгеге 350-ден астам жобаны қаржыландырған.
Мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көріп отырған серіктестіктердің бірі Аққайың ауданындағы Власовка ауылында орналасқан. Кәсіпкер Владимир Гердт қос бағытта жұмыс істейді. Әрі мал өсіреді, әрі егін егеді. Іскер жанның бұл салада еңбек етіп жүргеніне – 20 жыл.
ВЛАДИМИР ГЕРДТ, кәсіпкер, Аққайың ауданы:
– 15 жылдан бері мен «Аграрлық несие корпорациясының» жергілікті филиалымен тығыз байланыстамын. Мемлекеттен тиімді пайызбен займ алып, кәсібімді өрге домалатудамын. Соңғы жылдары корпорацияның көмегімен егіске арналған техникамды жаңартып алдым. Биыл да машина-техника паркі жаңа заманауи дүниелермен толықты.
Су жаңа тегеурінді техниканың бірі “Amazon” деп аталады. Заманауи машина майлы дақылдың тұқымын себуге арналған. Техниканың еңбек өнімділігі жоғары. “Monosem” деп аталатын екіншісі жүгері мен күнбағыстың тұқымын егеді. Бірі – 106 млн, екіншісі 35 млн теңге тұратын қос техниканы кәсіпкер “Кең дала” бағдарламасымен сатып алды. Лизингтің жылдың пайыздық мөлшерлемесі – небәрі 5 пайыз. Енді іскер жан дәл осы жобаның игілігін мал шаруашылығы бағытын дамытуда пайдаланып көрмек.
ВЛАДИМИР ГЕРДТ, кәсіпкер, Аққайың ауданы:
– 2017 жылы мен 100 басқа шақталған сүт фермасын аштым. Жобаны алдағы уақытта кеңейткім келеді. Яғни, Власовка елді мекенінде 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферма тұрғызуды жоспарлап отырымын. Жоспарды іс жүзінде жүзеге асыру үшін қайтадан мемлекеттік қолдауға жүгінемін.
Кең далада мал жайып, егін егіп, мол өнім алуда “Кең дала” дейтін бағдарламаның берер игілігі көп. Ауылшаруашылық жобаларды қаржыландыруға корпорация филиалына республикалық бюджеттен жыл сайын 70 млрд теңге бөлініп отырады. “Кең дала” аясында берілетін несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 1,5-нан басталып 5 пайыздан аспайды.
Елнұр Сыздықов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚОФ менеджері:
– Биылғы жылдың көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына барлығы 357 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы сомасы 20,4 млрд теңгеге немесе жалпы берілген несие көлемінің 87 пайызына қаржыландырылды. Бұл несие қаражаты облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 1,1 млн гектардан астам алқапқа егін егуге көмектесті. Оның ішінде “Кең дала” бағдарламасы бойынша 198 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер республикалық бюджеттен жалпы сомасы 14,2 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Ал “Агробизнес” бағдарламасы бойынша өңірде 6,1 млрд теңгеге 160-қа жуық ауылшаруашылығы тауарын өндіруші қарыз алған. «Аграрлық несие корпорациясы» алдағы орақ науқанында қалталы диқандарға қосымша қолдау қажет болса жалпы займ көлемін тағы 70 млрд теңгеге ұлғайтуы мүмкін.
Дана Ешкенова