Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ғ.Мүсірепов ауданында болды

Аптадағы маңызды жаңалықтар

23:44 20 Маусым 2022

Аймақтағы ең ірі сүт фермасы Ғ.Мүсірепов ауданындағы Березовка ауылында салынып жатыр. «Возвышенка СК» серіктестігіне тиесілі кешен 1800 басқа шақталған. Әзірге, мұнда голштино-фриз тұқымды 100 сиыр бар. Алдағы уақытта бұл жердегі малдың да, жұмысшылардың да саны артады. Кәсіпорын ашылғасын 50-ге жуық адам тұрақты еңбекпен қамтылмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз “Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация” арқылы қаражатпен көмектесеміз. Бөлінген ақша мал мен жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды жоба болмақ. Осы орайда қазір Ғабит Мүсірепов ауданында тағы 2 ферма салынып жатқанын айта кету қажет.

Іргелі серіктестік басшысы жұмысшыларына да жағдай жасауда. Өткен жылы ол қызметкерлеріне жайлы 15 үй салып беріпті. Құрылыс мұнымен тоқтамайды. Фермер алдағы уақытта тағы бірнеше баспана тұрғызуды жоспарлап отыр.

ӘБДІРАХЫМ НОҚАЕВ, «Возвышенка СК» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Материалды бұрын сатып алғаннан кейін бұл үйдің құны 12 миллион болды. Қазір құрылысқа шамамен 18-20 млн теңге қажет. Мамандарға тапсырылған баспаналар үлкен, сапалы, ішке су кіргізілген.

Жаңа қоныс иелерінің бірі – Ғаниевтер отбасы. Азиз отбасымен бірге Көкшетаудан 2017 жылы көшіп келіпті. Отағасы бірден серіктестікке жұмысқа қабылданыпты. Седовтар жанұясы да кәсіпкер тұрғызған баспанада тұрып жатыр. 3 баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты – осы ауылдың тумалары. Жерлестеріміз қалада 16 жыл тұрып елді мекенге қайта оралуды жөн санаған екен.

ЮРИЙ СЕДОВ, «Возвышенка СК» ЖШС бригадирі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Үйдің қасында керектінің барлығы бар. Балабақша, мектеп – бәрі ұнайды. Баспана жақсы, жөнделген. Ризамыз.

Өңір үшін тағы бір маңызды жобаны Шөптікөл ауылында “Адани Агро” серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Жақын арада бұл жерде етті бағыттағы 3 мың басқа арналған ферма пайда болады. Қуаттылығы 700 тоннаны құрамақ. Қара малдың алғашқы партиясы шілде айында жеткізіледі деп жоспарланып отыр. “Тың жоба елді мекеннің дамуына серпін береді”,- деді аймақ басшысы

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз сіздерге электр энергиясы және су мәселесі бойынша көмектесеміз. Жобаны дайындай беріңіздер!

Болашақ нысандармен танысқаннан кейін Құмар Ақсақалов Шөптікөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде халық жолдың нашарлығына шағымданды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Шөптікөлге келе жатқанда жолдың жағдайын көрдім. Бұл жол 2019 жылы жөнделді. Мердігерді мәжбүрлеп, қайта қалыпқа келтіру қажет. Бұл мәселеге қатысты мен де аудан әкіміне наразылығымды білдірдім.

Ауылдық округте көрсетілетін медициналық қызмет сапасына көңіл толмайды. Тұрғындар дәрі-дәрмек алу үшін де аудан орталығына баруға мәжбүр. Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар. Бірақ, проблеманы шеше алар емес. Жас мамандарға 2,5 млн теңге көлемінде көтермеақы ұсынылса да мұндай шалғай ауылға келгілері келмейді екен.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Осымен екінші жыл қатарынан біздің өңірде жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге қомақты көтермеақы беріп жатырмыз. Олар жайлы үйде тұруы қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен жағдай жасауды сұраймыз.

Көлігің болмаса шалғай орналасқан бұл ауылдан бір жерге жету де оңай емес. Жақында жергілікті спортшылар аймақтық жарыстарға бара алмапты. Себебі, автобус жүрмейді.

ЮРИЙ ЛОПАТИН, Шөптікөл орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бізде ГАЗЕЛЬ көлігі бар. Бірақ, жүргізушісі жоқ. Маман бұрын болған. Қызметіне сұраныс болмағандықтан жұмыстан кетті.

Білім беру бөлімі басшысының айтуынша, бұл Газель өзге елді мекендердегі балаларды мектепке тасу үшін ғана қолданылады, яғни, басқа мақсаттарда пайдалануға болмайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көлік бар, бірақ жүрмейді. Ал балалар жарыстарға өз көліктерімен барады. Біз өзгерістер енгізіп, бұл мәселені шешуге көмектесеміз.

Халықпен кездесуден кейін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Аймақ басшысына 3 адам жүгінді. Мәселелер елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, спортты дамытуға және жол сапасын жақсартуға қатысты болды. Құмар Ақсақалов проблемаларды шешуге уәде берді.

Байболат Култанов

 

Бұдан әрі оқыңыз

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы
Үкімет отырысы
Облыс әкімі “CLAAS” зауытының өкілдерімен кездесті
Референдумға атсалысқан солтүстікқазақстандық белсенділер марапатталды
Петропавлда құс фабрикасының құрылысы басталды
СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы
Облыс әкімі құрылыс алаңдарында болды
Медицина қызметкерлері күні
Облыс әкімі ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесті