Тайыншада тозған мектеп сүріліп, қайта салынып жатыр

Құрылыс

20:43 16 Маусым 2022

Тайынша қаласында ескі мектептің орнында жаңасы салынып жатыр. 600 орынға арналған нысанның құрылысы маусымның 4-інде бастау алды
Мердігер – «ZERTTEY СК» серіктестігі. Қазір мектептің іргетасы қаланып жатыр. Жоба құны 2 млрд теңгеге жуықтайды. Қаржы көзі – республикалық бюджет.

ДӘУЛЕТ МАЛҒАЖДАРОВ, учаске басшысы
– Мектеп жобасы үш блоктан тұрады. Біріншісі үш қабатты болады. Онда оқу кабинеттері орналасады. Екіншісінде асхана мен спортзал болады. Ол да үш қабатты. Ал 3-ші блокта бастауыш сынып оқушылары білім алады. Қазіргі таңда учаскеде 25 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жұмыс күшін арттырамыз.

Бұған дейін дәл осы жерде болған №1 орта мектеп 1936 жылы салыныпты. Содан бері шатыры мен ішінде ғана күрделі жөндеу жүргізілген. Кабинеттері тар, дәліздері стандартқа сай келмейтін, бір сөзбен айтқанда апаттық жағдайда болған білім ұясы 2020-да сүрілді. Ал мұнда білім алған ұл-қыздар 2019 жылдан бері аудандық білім бөлімінің бұрынғы ғимаратында оқып жүр екен. Барлығы – 400-ге жуық оқушы. Көпті көптен бері мазалаған мәселенің шешіліп жатқанына қатысты ата-аналар өз пікірін білдірді.

БЛИЦ
– Құрылыстың басталғанын көріп қуандық. Біздің балаларымыз үшін де бұл үлкен қуаныш. Себебі, бұрынғы мектептің жағдайы көңіл көншітпейтін.
– Кабинеттер кішкентай әрі тар болды. Бірақ, соған қарамастан балаларымыз түрлі жарыстарда жеңімпаз атанатын. Енді көрсеткіштер одан сайын жақсарады деп ойлаймыз.

Жоба екі жылға жоспарланған. Мектеп құрылысы 2024 жылға дейін аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Бөкетов көшесі маусымның соңында ашылады
Спортшы жастарға жатақхана салынып жатыр