Жол тақырыбын жалғастырайық. Сонымен, Тайынша ауданында көлік жүретін жерлердің биыл 150 шақырымы жөнделеді. Жөндеу түрі – орташа.
Бұл туралы аудан әкімі Руслан Аңбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде баян етті.
Жай-күйі тұрғындарды әбден мезі қылған «Виноградовка-Ясная Поляна-Киров» трассасы да жаңарады.
Руслан Аңбаев, Тайынша ауданының әкімі:
– Ең үлкен жол бізде – «Виноградовка-Ясная Поляна-Киров». Бұл жолдың ұзындығы 53 шақырымды құрайды. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталды. 20 млн теңге бөлінді. Биыл 800 млн теңге қарастырылған. Келесі жылы 1 млрд теңге бөлінбек. Жол 2 жылдың ішінде жөнделеді. 8 мың тұрғын тұрады бұл ауылдарда.
Ауданды сумен жабдықтаудың негізгі көзі Булаев топтық су құбыры, ұңғымалар, құдықтар болып табылады. Руслан Аңбаевтің айтуынша халықты таза ауызсумен қамту шаралары жыл сайын тоқтаусыз жүргізіледі. Бүгінде тайыншалықтардың көбісінің баспанасы орталықтандырылған су желісіне қосылған. 63 елді мекен тұрғыны тіршілік нәрін қоғамдық құдықтан алады екен. Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
Руслан Аңбаев, Тайынша ауданының әкімі:
– Құрылыс саласында 2022 жылдың 4 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 744,6 млн теңгеге орындалды, тұрғын үйді пайдалануға беру 2654 ш. м. құрады. Тайынша қаласында «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударушылар үшін 10 үй сатып алынды.
Былтыр Тайыншаға оңтүстік өңірлерден 25 отбасы қоныс аударған. Ал биыл
3 бірдей көпбалалы жанұя көшіп келіпті. Бүгінде Тайынша ауданында 52 мектеп бар.
2-уі апаттық жағдайда деп танылған. Оның бірі – Тайынша қаласында орналасқан. Биыл бұл нысанның орнына 600 балаға шақталған оқу ошағы салынады. Жоба құны – 2 млрд 610 млн теңге. Білім ұясының құрылысы 18 айға жоспарланған. Сондай-ақ, қазірігі таңда Вишневка ауылында 120 орынға шақталған мектеп салынып жатыр.
Дана Ешкенова