Бүгін облыстық полиция департаментінде ашық есік күні өтті. Іс-шара Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Келген қонақтардың дені – балалар. Олардың назарына арнайы техника мен қызметтік көліктер паш етілді. Дәстүрлі шара пандемиядан кейін алғаш ұйымдастырылып отыр. Экскурсияға келген жеткіншектер тапанша мен мылтықтарды ұстап көріп, ішкі істер органдарының машиналарына мінді. Балаларға, әсіресе, патруль көлігі ерекше ұнаған сыңайлы.
Александр Майер – СҚО ПД басқармасы бастығының орынбасары
– Біздің мақсатымыз – тұрғындарға полиция қызметкерлерінің қиын да аса жауапты қызметін кеңінен көрсету. Мұнда жедел-криминалистикалық басқарма, кинологиялық қызмет орталығы, патрульдік полицияның саптық бөлімшелері қатысып жатыр. Әр құрылымның мамандары өздерінің міндеттерін қалай орындайтындықтарын паш етуде.
Үлкен-кіші жедел-басқару орталығында болды. Мұнда қала алақандағыдай боп көрінеді. Әр үй, әр көше – тіпті көшеде кетіп бара жатқан адамның бет-келбетін анық көруге болады. Бұл заманауи бейнекамералардың арқасында мүмкін болып отыр. Түрлі ұрыларды да осы құрылғылардың көмегімен анықтайды.
Балалар бүгінгі таныстырылымнан кейін болашақта полиция қызметкері атану туралы арманымыз арта түсті дейді.
Блиц
– Тәртіп сақшыларының жұмысы қызықты, бірақ қиын екен. Қару-жарақты ұстап көрдім. Алдағы уақытта тағы да осындай экскурсиялар болып жатса келуге тырысамын.
– Мен рациямен сөйлесіп көрдім. Өскенде полиция қызметкері болғым келеді.
Айта кетейік, қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету жолында өңірде 2 мыңнан астам тәртіп сақшысы еңбек етеді.