Петропавлда ащы суға жандары құмар ата-ана 5 жасар қыздарын балабақшадан алып кетпеген. Жеткіншікті үйіне тәрбиешісі әкеліпті. Тұрғылықты мекен жайға жеткенде маман пәтер есігінің ашық тұрғанын байқап, тәртіп сақшыларына хабарлайды. Оқиға орнына ювеналдық полиция қызметкерлері келіп, шөлмектер шашылған баспанаға кіреді. Мұнда баланың ұйықтап жатқан әке-шешесі анықталады. Медициналық куәландыру кезінде олардың мас екендері белгілі болады. Жауапсыз жандарға ата-аналық міндеттерін орындамау бойынша әкімшілік материал жиналыпты. Жалпы, биыл өңірімізде мұндай 418 факті тіркелген екен. Статистикаға сүйенсек, 26 солтүстікқазақстандық ата-ана құқығынан айырылған, ал 6-уының құқығы шектелген.
Байболат Култанов