МТРА жаңалықтары

Дүкен сөрелеріндегі ойыншықтардың дені тиісті талапқа сай келмейді

Саудаға шағырылған ойыншықтардың дені тиісті талапқа сай келмейді. Бұны облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары алға тартуда. Бейінді сала өкілдері әр айда бір рет арнайы тексеру жұмыстарын жүргізеді. Осы орайда былтырғы статистиканы жария етейік. Өткен жылы мамандар 155 сынаманы зерттесе, соның 62%-ы техникалық регламентке сәйкес келмеген.

ӘДІЛ ҚОРҒАНБАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы
– Оның 62-сінде таңбалау бойынша, 2-уінде органолептикалық көрсеткіштер бойынша және тағы 7-уінде санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша үлгілер сәйкес келмеген. Іріктелген сынамалар саны бойынша отандық өндірушілердің үлесі – 0,64%, ЕАЭО елдерінің үлесіне – 56,77%, басқа елдердің үлесіне 42,58% кіреді.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– Тиісті талаптарға сай келмейтін, сапасын сын көтермейтін өнімдердің дені – Қытайдыкі. Аспан асты елі көбінесе тауарды таңбалауда қате жібереді екен. Яғни, ойыншықтың қай күні шығарылғаны, тауар өндіруші компанияның атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ, құрамы жұмбақ күйінде қалатын көрінеді.

Бұл – өткен жылғы статистика. Енді 2022-де атқарылған жұмыстарға тоқталайық. Биыл департамент өкілдері 82 сынамаға зерттеу жүргізген. Белгілі болғандай, оның 60%-ынан астамы тиісті талаптарға сай келмейді. Тауарлардың дені тағы да сол дұрыс таңбаланбапты.

ӘДІЛ ҚОРҒАНБАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы
– Іріктелініп алынатын сынамалар саны бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өндірушілерінің үлесі – 40,24%, басқа елдердің үлесіне – 58,53%, отандық өндірушілердің үлесіне 1,21% келеді. Барлық сәйкес келмейтін өнімнің 72%-ы – басқа елдердікі. Қалғаны ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердікі. Бұл ойыншықтар бала организміне қауіп төндіреді. Аллергия туындап, иммунитет әлсіреп, түрлі аурулар туындауы мүмкін.

Департамент анықтаған олқылықтар тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі. Яғни, нақты шешімді комитет қабылдайды. Ал негізінде заң бойынша тиісті талапқа сай келмейтін ойыншықтар ел нарығындағы айналымнан алынып тасталады.

Алдияр Айтпаев