МТРА жаңалықтары

Петропавлда алаяқтар бір күнде 12 адамға телефон шалған

Петропавлда 1 тәуліктің ішінде 12 адам интернет-алаяқтыққа тап болғаны жөнінде полицияға шағымданған. Қала тұрғындарының сөзінше оларға белгісіз бір адамдар хабарласып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған екен. Сонымен қатар, онлайн банкинг арқылы тиісті операция жасауды өтініпті. Абырой болғанда қырағы жерлестеріміз қитұрқылық жасамақ болғандардың әрекетін бірден түсініп, тәртіп сақшыларына хабарласқан. Жедел уәкілдердің кеңесіне жүгінгендердің қатарында Елена Прасолова есімді азаматша да бар. Алаяқтар оған полицей ретінде қоңырау соғып, әйелдің өзін алаяқсың деп кіналапты.

Елена Прасолова, қала тұрғыны:
– Аса сақтық танытып, арандатушылыққа бой алдырмаған жөн.
Бүгінде алаяқтардың қатары көбейіп кетті. Бөтен адам қоңырау шалса бірден банкке хабарласып, білген дұрыс немесе полицияға телефон соғу қажет. Дұрысы, алаяқ өзін таныстырған кезде телефонмен сөйлесуді тоқтату керек. 

Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында 370 алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 280-нен астамы интернет арқылы жасалған. Пысықайлардың құрығына түскен жандар 150 млн теңгеден астам қаржысынан айырылыпты. Бірнеше мыңдап емес, млн-дап ақша жоғалтқандар көп. Алаяқтардың шотына түскен қаражаттың ең көбі 10 млн теңгеге жуықтайды.

Жангелді Әпенов, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі:
– Көбінесе бұндай жағдайларда зейнеткерлер алданады. Тұтқаны көтеріп, әңгіме бастаған жағдайда банктік деректемелерді, жеке мәліметтеріңізді сұраса және ұялы телефонға келген СМС-хабарламаларды мүлдем айтпаған жөн. 

Сондай-ақ, полицейлер бөтен біреумен сөйлескенде эмоцияға берілмеу қажеттігін ескертеді. Себебі, алаяқтар бірде ұрсып, бірде жылы-жылы сөйлесіп адамның көңілін табуға талпынады екен.

Бердимурат Баймухан