«Eurasian Milk» зауытында ірімшіктің 5 түрі жасалады

МТРА жаңалықтары

20:28 3 Маусым 2022

Петропавлдағы «Eurasian Milk» серіктестігінде ірімшік өндіру ісі бастау алды. Біреу білсе, біреу білмес, бұл кәсіпорын 2019 жылы ескі сүт зауытының орнында ашылған болатын.

АНДРЕЙ ГРИЦЕНКО, «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры:
– Сол кезде тәулігіне шамамен 20-25 тонна сүт өңделді. Ал жұмысшылардың саны 85 адамды құрады. Өткен уақыт ішінде толық жаңғырту жұмысы жүргізілді. Техникалық қондырғылардың барлығын жаңарттық. Яғни, ескі құрал-жабдықтардың бәрін алмастырдық.

Қазір мұнда шетелдік қондырғылардың түр-түрі тұр. Ауыз толтырып айтарлықтай шаруа қомақты қаржының арқасында атқарылды. Қалталы азаматтар іске бақандай 6,5 млрд бағыттапты. Оның 370 млн-ы – мемлекеттік субсидия. Нәтижесінде зауыттың қуаты бірнеше есеге артқан. Бүгінде кәсіпорында жылына шамамен 2,5 мың тонна қаймақ шығарылмақ. Ал республиканың түкпір-түкпіріне жіберілетін сары майдың көлемі
3 мың тоннаға жуықтайды. Көрсеткішті одан әрі арттыруға болады. Бірақ, ол үшін сүт керек.

АНДРЕЙ ГРИЦЕНКО, «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры:
– Қазірдің өзінде жүктемені толық қамтып отырған жоқпыз. Осы күні біз тәулігіне 70 тоннаға дейін ақ өңдейміз. Ал шамамыз 100 тоннаға дейін жетеді. Жыл соңына дейін, тіпті, 150 тоннаға дейін қабылдай алмақпыз.

Өнім негізінен жергілікті фермалардан сатып алынады. Бірақ, Ақмоладан да жеткізіледі. Себеп түсінікті – шикізаттың жетіспеуі. Келешекте бұл мәселені шешуге облысымызда салынып жатқан сүт фермалары септеспек. Мұндай нысандардың әрқайсысында жылына орта есеппен 3 мың тонна ақ өндіріледі деген жоспар бар. Облыс әкімінің сөзінше, міндет – 1 жылда 10 кәсіпорын ашу және шикізатты 100 пайыз өзімізде өңдеу.
Бұл импортты, әсіресе, ірімшік импорты көлемін азайтуға әсер етпек.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Былтыр республикада 23 мың тонна ірімшік өндірілсе, осынша көлем импортталды. Сондықтан, бұл бағытта әлі көп жұмыс істелінеді.

Қазір “Eurasian Milk” жылына 2,5 мың тоннадан астам жұмсақ ірімшік өндіреді. Бұл солтүстікқазақстандықтардың қажеттілігін толық өтейді. Еуропадан технологтар шақыртылыпты. Олардың көмегімен өнімнің жаңа түрлері әзірленуде.

АНДРЕЙ ГРИЦЕНКО, «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры:
– Солтүстік Қазақстан облысында сүт сапасы ірімшік өндірісі үшін ең қолайлы болып табылады. Сол себепті, осы аймақ таңдалды. Бүгінгі таңда зауытта ірімшіктің 5 түрі жасалады. Олар Қазақстанның барлық облысында саудаланады.

Қазір “Eurasian Milk” сүт өнімдерінің 16 түрін шығарады. Жоспар – жаңғырту жұмысын жүргізіп, көрсеткішті 25-ке дейін жеткізу. Ол үшін тағы 6,5 млрд теңге инвестиция құйылады. Зауыт толық қуатқа шыққан кезде мұнда тәулігіне 350 тонна сүт өңделмек.

Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

МТРК жаңалықтары 01.06.2022
Өңірде қылмыс саны азайды
МТРК жаңалықтары 17.06.2022
МТРК жаңалықтары 23.06.2022
Бескөлде ат клубы ашылды
Қыстың қамын жаз ойла
Өңірдің Құрметті азаматы Сергей Пресняков 100 жасқа толды
Маусым айына арналған ауа райы болжамы
Новомихайловка ауылдық округіне жаңа әкім сайланды
Мемлекеттік рәміздер күніне орай автошеру өтті
МТРК жаңалықтары 15.06.2022
Теріскейлік фермер республикалық көрмеде топ жарды