ТЖ

СҚО-да жыл басынан бері 300-ден астам өрт тіркелді

Облыста жыл басталғалы 316 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 27 адам көз жұмды. Оның 2-уі – бала. Ал материалдық шығын көлемі 260 млн теңгеден асып жығылады. Оқыс оқиғалардың дені, яғни 77 пайызы жеке секторға тиесілі. Облыс орталығында соңғы өрт оқиғасы кеше болды. От Чайковский көшесіндегі жер үйде бас көтерген. Бұл баспананың иесіз екендігі анықталды.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Жанып кеткен үйдің иесі жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі – белгісіз біреулер сол маңда от жаққан. Ешкім зардап шеккен жоқ.

Мамандар тұрғындарға табиғат аясында да барынша сақ болу қажеттігін ескертеді. Қазір өрт қауіптілігі жоғары кезең. Абайсызда от ұшқыны былтырдан қалған құрғақ шөпке түссе, соңы алапат өртке айналуы мүмкін.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Орманды алқаптарда жыл басынан бері 22 өрт оқиғасы тіркелді.
750 гектардан астам жерге зақым келді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға көп.

Жасыл желекті өрттен қорғау мақсатында өңірде 45 мобильді топ құрылған. Оның құрамына өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен орманшылар кіреді. Бүгінге дейін мамандар 460 рейд жүргізіп, орман ішінде от жаққан 100-ден астам адамға қатысты хаттама толтырған. Салынған айыппұл көлемі 1 млн теңгеден асады.

Дана Ешкенова