Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка ауылының маңында Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен салынады. Нысанның алғашқы кірпіші қаланды.
Белгі тасты қоюға елордадан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Сабыр Қасымов және Петропавл мен Қостанай қалаларының тарихшылары мен ғалымдары қатысты.
Осыдан тура 104 жыл бұрын, яғни 1918 жылы Жамбыл ауданы Благовещенка ауылының маңында Әлти қажының қонысында Міржақып Дулатов бастаған Алашордашылардың ұйымдастырумен үлкен жиын өткен. Оған Көкшетау және Петропавл уездерінің болыс өкілдері қатысқан. Кездесуде Алаш әскерін құру мәселесі қаралған екен.
САБЫР ҚАСЫМОВ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі
– «Міржақып Дулатов осында келіп, Алашты қолдайтын азаматтармен және Алаш филиалдарының басшыларымен жиналыс өткізді. Оған 150-200-дей өкіл қатысады деп жоспарланған еді. Бірақ, зерттеушілердің айтуынша осы маңайдағы бостандықты аңсаған және Көкшетау, Ақмола, Қорған мен Омбыдан келген 10 мыңнан астам халық жиналған»
Алғашқы кірпіші қаланған кешеннің жалпы аумағы 240 гектарды құрамақ. Онда музей болады. Мұндағы көл де тазартылып, демалыс орнына айналмақ. Сондай-ақ, этноауыл құрылады. Олардың бәрі өскелең ұрпақ үшін құнды жәдігер болары сөзсіз, дейді жиналғандар.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры
– «Биылғы жылы бұл орын мемлекет тарапынан қорғауға алынды. Қазақстанның киелі жерлерінің жалпы ұлттық нысанына енгізілді. Бұл – біздің болашағымыз. Егер біз тарихымызды білмесек, болашағымызды құра алмаймыз. Бұл біздің жаңа Қазақстанымыздың ілгері жылжуының бір қадамы деп санаймыз».
Айта кеткен жөн, Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен 3 жылда салынып, 2025 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
Алдияр Айтпаев