Өзен-көлдерде рейд жүргізіліп жатыр

ТЖД

23:21 27 Мамыр 2022

Өңірде суға шомылу маусымы алдағы айдың 1-ші жұлдызында бастау алады. Дегенмен, қазір кейбір тұрғындар бос уақыттарын табиғат аясында өзен-көлдерге жақын жерлерде өткізуде. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері қазір рейд шараларын жүргізіп жатыр

Бүгін аспанды бұлт торлағанымен кеше сынап бағанасы 32 градусты көрсетіп тұрды. Бір күн ауа температурасы жоғарылағаны сол-ақ еді Петропавл тұрғындары өзен-көлдерде шомылуда. Бірақ, күн ыстық болғанмен судың өзі суық. Суға күмп берген адамның сіңірі тартылып қалуы мүмкін.

Кирилл Иванников, СҚО ТЖД басқармасының аға офицері:

– Негізі, Солтүстік Қазақстан облысында суға шомылу маусымы алдағы айдың 1-нен басталады. Күннің қатты ысуына байланысты тұрғындар қазірдің өзінде суға түсіп жатыр. Сол себепті жағдайды бақылауға шықтық. Мамандар өзен-көлдерде тәулік бойы кезекшілік етеді. Жалпы, қазір облыс аумағында шомылу рұқсат етілген 58 айдын бар.

Құтқарушылар бақылауды бекерден-бекер күшейткен жоқ. Былтырғы статистика жаға ұстатады. Өткен жылы өңірде 22 адам су құрбаны болды. Оның 6-ауы – бала. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырады. Жағажайда баланы қараусыз қалдырмау қажет, демалуға келген ата-аналар ішімдік ішпеуі керек. Сондай-ақ, рұқсат етілген жерлерде ғана шомылған абзал. Рейд барысында тұрғындарға осындай ақыл-кеңес жазылған жаднама қағаздар таратылды. Ал демалушылар бұл қағидаларды қаншалықты біледі екен?

Жақында мамандар “Жазғы демалыс” атты акция да өткізіпті. Онда қалада ғана емес, аудандар тұрғындары арасында да ақпараттандыру шарасы жүргізілген.

Бұдан әрі оқыңыз

СҚО-да өрт саны азайды
Терек мамығын жағу аса қауіпті
СҚО-да жыл басынан бері 300-ден астам өрт тіркелді
Есіл ауданында өрттен бір ер адам қаза тапты
Есіл ауданында ер адам суға батып кетті
СҚО-да жыл басынан бері 50-ден астам өрт оқиғасы тіркелді
Трансшекаралық өрт-тактикалық оқу-жаттығулар жиыны өтті