Сәбең театрының сахнасында – елордалық өнерпаздар. Осы күндері киелі қара шаңырақта Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері дипломдық жұмыстарын қорғауда.
Бүгін қыз-жігіттер жерлестеріміздің назарына психологиялық драма ұсынды.
Оқиға 18-ші автобуста орын алып жатыр. Мұндағы кейіпкерлер де ерекше. Бірі жалғыздықтан, енді бірі кәріліктен, өзгесі қу мансаптан жалыққан. Бірақ, бұның уақытша және өмірдің мәні бұнда емес екендігін барлық кейіпкерлер кеш түсінді. Нақтырақ айтсақ, автобус аударылып, өмірлерімен қоштасқан сәтте.
Керемет әсер сыйлап, ой түйерлік спектакльді Назгүл Әменова да тамашалауда. Бұрымды елордалық жастардың өнеріне көрермен өзінің жоғары деген бағасын берді.
НАЗГҮЛ ӘМЕНОВА, Қозыбаев университетінің студенті:
– Бұған дейін кәсіби актерлердің ғана өнерін тамашалағам. Бүгін алғаш рет студенттердің спектаклін көрдім. Бәрі жоғары деңгейде өтуде. “Қолда барда алтынның қадірі жоқ” дегендей, адамдар бір бағытқа кетіп, содан бас алмай жатады. Бірақ, оны кеш түсінеді. Уақытты қайтарып алуға болмайды. Спектакльде байқағаным осы.
Айта кету қажет, көпшілік назарына ұсынылған бұл спектакльді студенттер өздері жазған, өздері дайындалған. Жетекші ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев бағыт-бағдар ғана беріп отырған.
САЙЛАУ ҚАМИЕВ , ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Музыкалық театр әртісі деген мамандығы бойынша биыл бітіргелі отырған түлектер. Бұл енді Петропавл қаласының мәдениет басқармасы мен Сәбит Мұқанов атындағы театр басшылығының тікелей шақыртуымен өткізіліп отыр. Өзіміздің дипломдық жұмыстарымызды осы сахнада қоюды жоспарлап келдік. Университет кадр дайындаумен айналысады. Ал осындай театрлар осындай кадрларды жұмыспен қамтамасыз етеді. Яғни бұл – шығармашылық тығыз қарым-қатынастың бір түрі.
Бүгін қара шаңырақтың сахнасына келген 23 студенттің 11 ғана шықты. Қалғандары өз өнерін ертең ортаға салады. Өнерсүйер қауымға жастар Мұқан Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсы мен франциялық туынды “Моцарт” рок операсын ұсынбақ. Ертең теріскейлік көзі қарақты көрерменнің алдында Ерасыл Ахан есімді жас талантты актер бой көрсетеді.
ЕРАСЫЛ АХАН, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Нұр-сұлтан қаласы:
– Мен ақын Естайдың рөлін сомдаймын. Қарқаралы өңірінің тумасы Қоянды жәрмеңкесінде сол жердің халқының көңілін көтеретін сері болған. Жәрмеңкенің ойын-сауығын көтерген. Осы рөлді сомдаймын. Бұл қойылымның ерекшелігі жаңа нұсқада халыққа ұсынылмақ.
Айта кету қажет, киелі сахнада өнер көрсетіп, көзге түскен жастар Сәбең театрына шақырту алуы да әбден мүмкін.
Алдияр Айтпаев