МТРА жаңалықтары

Жастар референдумды тиімді өткізу жолдарын пікірсайыста талқылады

Назарбаев зияткерлік мектебі, университет пен колледж студенттері. Қозыбаев атындағы білім ордасында қазір қызу пікірталас өтіп жатыр.

Тақырып өзекті. Жастар өзара 4 командаға бөлініп алып Қазақстанда референдум өткізудің тиімді механизмдерін ұсынып, өз идеяларын ортаға салып жатыр.

Айнұр Досан есімді студент шенеуніктердің әлеуметтік желілерді жөнді пайдалана алмайтындарына наразы. Сөзінше заңдағы өзгерістерді әр ауыл немесе аудан әкімі инстаграм, фейсбук және тағы да басқа онлайн платформалар арқылы өз жұртына түсіндірсе, шаруа әлдеқайда жылдам тындырылар еді дейді.

Айнұр Досан, Қозыбаев университетінің студенті:

– Айта кететінім, билік өкілдерінің бізді референдумға жай шақырып қана қоймай, әр баптағы өзгерістерді жеке-жеке түсіндіріп бере алса дейміз. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде өз ойларымен де бөліскендерін қалаймыз.

«Ұрпақтар сабақтастығы атты» пікірсайысқа 10-нан аса қыз-жігіт қатысуда. Ой ұшқырлығы сынға түсетін ойында әр адамға 5 минут уақыт беріледі. Осы аралықта дебатшы өз пікірін көпшілікке жеткізіп үлгеруі қажет.

Рүстем Аманов, «Болашақ Қазақстанға» ҚСБ төрағасы:

– Британдық парламент форматында 4 команда қатысып жатыр. Біз референдумды өткізудегі ең тиімді жолдарды салыстырып жатырмыз.

Жалпы, бүгінгі пікірсайыста айтылған идеялардың барлығы ескеріліп, алдағы уақытта билік өкілдеріне жеткізілмек.

Бердимурат Баймухан