МТРА жаңалықтары

Александр Липовойдың құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Бүгін Петропавлда ҚР еңбек сіңірген энергетигі, облыс орталығының құрметті азаматы Александр Липовойдың құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Александр Егорович 1928 жылы Ресейдің бұрынғы Чита облысында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін 49-шы жылы Солтүстік Қазақстан жеріне қызмет етуге келген. Ол өңірдің энергетика, теміржол салаларының дамуына сүбелі үлес қосқан.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, Петропавл қаласының құрметті азаматы:

– Облысымызға көп қызмет жасады. Үлкен лауазымдарда еңбек етті. 19 жыл қаланың 1-ші хатшысы болды. Сонда біз бірге жұмыс істедік.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Александр Егоровичпен бірге талай жыл еңбек еткен әріптестері, дос-жарандары келді. Соның бірі – Жасұлан Ахметов. Ол Александр Липовоймен 80-ші жылдардан бастап бірге қызмет еткен.


ЖАСҰЛАН АХМЕТОВ

  • Мен Александр Егоровичтің шәкіртімін деуге болады. Онымен талай жыл өндіріс ошағында, құрылыс саласында еңбек еттім. Ол кісі жұмыс барысында өте жауапты әрі талапшыл болатын. Барлығын сөзбен емес іспен дәлелдейтін. Мейірімді жан болды. Мұқтаж адамдарға көмектесіп тұрды.

    Александр Липовой спортқа жақын болған. Жас кезінде футболмен айналысыпты. Тіпті, жергілікті құрамамен бірге республикалық жарыстарға қатысып, өңір намысын қорғаған.

    ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, ҚР құрметті спорт қайраткері, СҚО құрметті азаматы:

  • Ол кісі жас кезінде футболмен айналысқан. Спорт саласына біраз еңбегі сіңді деуге болады. Александр Липовой кезінде спорт алаңдарын жабдықтауға көмектесті.

    Биылдан бастап өңірде Александр Липовойдың құрметіне футболдан турнир өткізіледі. Келешекте бұл жарыс дәстүрге айналмақ. Естеріңізге сала кетейік, ҚР еңбек сіңірген энергетигі, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой осыдан 2 жыл бұрын өмірден озды. Көзі тірі болса, бүгін 94 жасқа толар еді.

Дана Ешкенова