Түркияда 4 медаль бұйырды

Спорт

23:38 19 Мамыр 2022

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші

  • Жақында Түркияның Ыстамбұл қаласында жастар мен ересектер арасында кикбокстан Әлем кубогі өтті. Байрақты бәсекеде қырықтан астам елдің өкілі бақ сынады. Арасында, әрине, отандастарымыз да болды. Анадолы жерінде қазақстандық қыз-жігіттер ерледі. Олар сайыс қорытындысы бойынша тек шаршы алаң иелерін алға жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Осындай жоғары жетістікке жетуге жергілікті спортшылар елеулі үлес қосты.

    Ыстамбұлға теріскейден бес спортшы аттанса, соның төртеуі бірдей жеңіс тұғырынан көрінді. Жалғыз алтын Наталья Богдановаға бұйырды. Жиырма екі жастағы спортшы Әлем кубогінде үш кездесу өткізіпті. Алғашқы қарсыласы жергілікті кикбоксшы болған екен. Шаршы алаңда аяқпен де, қолмен де сағатша жұмыс істеген солтүстікқазақстандық оны ұпай сандары бойынша жеңеді.

    Түріктің үкілеген үмітін тізе бүктірген соң, Натальяға неміс және норвег қыздары қарсы тұрады. Алайда, олар да қазақстандықтың қарқынына шыдай алмайды. Төрешілер қос кездесуде жерлесімізді жеңімпаз деп таниды, ал ұйымдастырушылар алтыннан алқа тағады. Таңқалдырарлық жайт, чемпион кикбокстың әліппесін алғаш он сегіз жасында таныпты. Оған дейін ауылы мүлде алыс жеңіл атлетикамен айналысқан екен. “Қалауын тапса қар жанар” деген осы шығар.

    НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, кикбокстан Әлем кубогінің жеңімпазы:

  • Мен небәрі бір жылдың ішінде Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттім. Осылайша, “Спорт шебері” нормативін орындадым. Ал Түркиядағы жеңістен кейін “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атандым. Бұған әлі сене алар емеспін. Жаттықтырушым екеуіміз бәріне еңбектің арқасында жеттік. Кикбокспен қатар бокспен айналысамын. Қазір Ұлттық құраманың мүшесімін.

    Қазақстан қоржынын тепсе темір үзер теріскейлік үш жігіт қоламен толықтырды. Медальдің бірін 75 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Омар Төлебаев иеленді. Ол жартылай финалда германиялық спортшыға есе жіберіпті. Дегенмен, бұл – биыл мектеп тәмамдайтын кикбокшы үшін жоғары жетістік. Талантты жас осы қарқынынан таймаса алдағы додаларда топ жарары айдан анық.

    ОМАР ТӨЛЕБАЕВ, кикбокстан Әлем кубогінің жүлдегері:

  • Мен неміс спортшысымен шықтым. Біз үш раунд бойы жұдырықтастық. Оған екі де бір есебімен ұтылдым. Әр адам спортпен айналысуы керек. Спортшы ғана емес, білімді болуы керек. Дұрыс жаттыға білуі керек.

    Аслан Асылбеков пен Данияр Жарасов та жарады. Олар тартысты додада қоланы қанағат тұтып қана қоймай, сайыстың сәнін келтірді. Мына нокаут көпшіліктің көңілінен шыққаны күмәнсіз.

    Түркиядан оралған саңлақтарды дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов құттықтады. Ол Натальяға гүл шоғын сыйлады. Ел мерейін асырған спортшылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы жарыстарда топ жаруға ниетті.

    ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы:

  • Жекпе-жектер өте тартысты өтті. Балалар әр мемлекеттің спортшыларымен жұдырықтасып, үлкен тәжірибе жинады. Болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз деген үміттеміз. Әлі де еліміздің туын көтеріп, Әнұран шырқатамыз деп ойлаймын.

    Спортшылар біршама уақыт тынықпақ. Кейін тамыз айының алғашқы жартысында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін Ислам ынтымақтастық ойындарына дайындалады. Бұл жарысқа өңірімізден үш кикбоксшы аттанбақ.

Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Муайтайшылар әлем чемпионатында жүлделі орынға ие болды
БАҚ өкілдері арасында спартакиада өтті
Петропавлда Халықаралық Олимпиада күніне орай веложарыс өтті
“Qyzyljar”-дың қарсыласы белігі болды
“Qyzyljar” ФК УЕФА-дағы ықтимал қарсыластары белгілі болды
Өңір намысын абыроймен қорғаған тайыншалықтар
“KUANISH” қыздары тарап жатыр
Жергілікті алаңдағы жеңіс
Жеңіліс…
Жүзушілер ел біріншілігінен жүлделі оралды
«Қызылжар-2022» фестивалі өтті
Жергілікті НЗМ-де спартакиада өтті