МТРА жаңалықтары

“Музей түні” шарасы

Халықаралық музей күні шарасын облыстық полиция департаменті музейінің де ұжымы атап өтті. Танымдық шара Қазақстан полициясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Тарих парақтары топтастырылған мәдениет ошағының келер ұрпаққа берері мол. Мұнда қазақстандық құқық қорғау органының қалыптасуы туралы қызықты әрі маңызды мәліметтер жиналған.

Балаларды тарихқа баулып, патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде музей ұжымынан өзге мұғалімдер қауымы да зор үлес қосып келеді. Гуманитарлық-техникалық колледждің ұстазы Виталий Гутевич полиция музейіне 2 жылда 500-ден астам баланы ертіп келген. Педагогтың еңбегі Алғыс хатпен еленді. Ал музей қорын көздің қарашығындай сақтап жүрген мамандар Любовь Осинская мен Нина Бенграф та тиісті марапатпен марапатталды.
Музей есігі түн ортасына дейін жабылған жоқ. Ашық аспан астында көрерменге арналып концерт ұйымдастырылды, жәдігерлер таныстырылды.

Әмірхан Шәкіржан, оқушы:

-Мені милицияда қандай қару болғандығы қызықтырды. Кеңес үкіметі кезіндегі тәртіп сақшыларының қызметі туралы мәлімет қызықты екен.

Музейдегі 4 залдың бірі полицияның 30 жылдығына орайластырылған. Мұнда техника үлгілері, қылмыс орнынан табылған дүниелер, бейбіт күнде ерлік жасаған тәртіп сақшыларының жеке заттары қойылған. Жалпы, ведомстволық музейде барлығы 5 мыңға жуық жәдігер сақтаулы тұр. Жәдігерлердің көнелері 19-шы ғасырдың соңынан бастау алады.

Данаш Хамзина