БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ , тілші:
– Маусымның 5-і күні өтетін референдумнан бірде-бір қазақстандық қалыс қалмауы қажет. Бұл саяси іс-шараға ауыл тұрғындары да белсенді қатысқаны жөн. Осы себепті қазір атқамінерлер жер-жерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгін Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылына Парламент Мәжілісінің депутаты келіп отыр. Мұнда халықпен кездесу өтпек, референдум жайы кеңінен қаузалмақ.
Астанадан арнайы ат терлетіп келген азаматтың аты-жөні – Ғани Хамзин. Халықпен кездесу барысында отызға жетпей орда бұзған депутат алдағы уақытта Ата заңда нендей баптар өзгеретінін, жаңашылдық тұрғындардың тұрмысына қалай әсер ететінін бастан-аяқ баян етті. Референдум ауыл өмірінің жандануына да ықпалын тигізеді. Саяси іс-шараның қорытындысы бойынша жұртшылық аудандық мәслихатқа өздері жақсы танитын, білімді, сөзі өтімді тұлғаны сайлай алмақ. Демек, келешекте топ елдің жүгін арқалаған кілең белсенділерден құралады. Ал бұл қоғам арасындағы проблемалардың жаппай әрі мейлінше тез шешілуіне алып келмек.
ҒАНИ ХАМЗИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Аудандық мәслихат 100% мажоритарлық жүйемен сайланады. Бұрын бізде пропорционалды жүйе болды. Ол кезде біз тізімнен партияны, ал партия депутаттарды таңдады. Ал енді нақты адамға дауыс беретін боламыз.
Аядай ғана ауылға Парламент Мәжілісінің депутаты күнде келіп жатқан жоқ. Мұндай сәтте көкейдегі мәселені айтып қалған абзал. Референдум жайы талқыланған соң Ғани Хамзинге елді мекен тұрғыны Хажмұрат Тойлыбай базынамен жүгінді. Ол Теңдіктің іргелі ауылдармен терезесі теңескенін қалайды.
ХАЖМҰРАТ ТОЙЛЫБАЙ , Теңдік ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:
– Ауылымыздың дамуына Үкімет тарапынан қолдау болса деймін. Ауылда жұмыс жүргізіліп жатыр. Шаруашылық басшысы бар, әкім бар. Бірақ, мемлекет тарапынан қолдау керек деп ойлаймын.
Бүгінде Үкімет ауылдарға бөлінетін қаржы көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Хажмұрат Тойлыбай депутаттан осындай жауап алды. Мемлекеттен қолдау көрсетілсе Теңдіктің адамдары Чкалово халқындай өмір сүруі әбден мүмкін. Бұл жердегі жұрт қазір қаладағыдан кем күн кешіп жатқан жоқ. Елді мекенде ағайынға қажетті әлеуметтік нысандардың бәрі бар, жұмыс та жеткілікті. Ғани Хамзин ат басын бұрған келесі ауыл – осы. Атқамінер мұнда да тұрғындармен жүздесіп, референдум туралы баян етті. Жиналғандар саяси іс-шараға біркісідей қатысамыз деп отыр.
ТАТЬЯНА ТОРЧИК , Чкалов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы, Тайынша ауданы:
– Референдумға ауылдың үлкендері түгел қатысады. Қазір барлығы дайындалып отыр. Ертең осы мәселе бойынша елді мекенде ардагерлер кеңесінің отырысын өткізбекшіміз. Оған аудан орталығынан өкілдер келеді. Жиында саяси іс-шараның маңыздылығын көтереміз. Аға буын ақпараттандыру жұмысына ат салысса деген ниетіміз бар.
Мәжіліс депутаты Ғани Хамзиннің сапары мұнымен аяқталмайды. Ол жақын арада Павлодар облысына жол тартпақ. Кереку жерінде де тарихи референдум жайы талқыға салынады.
Байболат Култанов