Ауа райы

Күн райы мамыр айында қандай болмақ?

Көктемнің соңғы айы да келіп жетті. Бүгін Қазгидромет мамандары мамырға болжам жасады. Сонымен, 5-ші ай солтүстікқазақстандықтарды жайма-шуақты күндерімен қуанта ма?

 

Дана Сәлімқызы:
– Петропавлға нағыз көктем келді. Ағаштар бүршік жарып, айнала жасыл желекке орануда. Дәл қазір сынап бағанасы +17 градусты көрсетіп тұр. Мұндай ауа райыны пайдаланып петропавлдықтар шаһар саябақтарында таза ауада демалуда. Алдағы уақытта мұндай жанға жайлы ауа райы сақтала ма?

Синоптик мамандардың сөзінше, мамырдағы орташа ауа температурасы 13 пен 14 градус жылылықты көрсетеді. Бұл жылдағы нормадан 1 градусқа жоғары. Енді әр онкүндікке жеке-жеке тоқталайық. Мамыр айының алғашқы онкүндігі құбылмалы болады. Басында ауа температурасы күндіз 23 градусқа дейін жоғарыласа, соңына қарай сынап бағанасы түнде 1 градусқа дейін төмендейді. Ал мамыр айының екінші онкүндігі теріскейліктерді қандай күн райымен қуантпақ?

Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 0-5 градус аязға, күндіз 6-11, облыстың батысында 16 градус жылыға дейін төмендеуі болжанады. Содан кейін ауа температурасы түнде 3-8 градус жылыдан 8-13 градус жылығыа, күндіз +12+17-ден 17-22 градус жылыға дейін ауытқуы күтіледі.

Ал мамыр айының үшінші онкүндігі солтүстікқазақстандықтар үшін жайма-шуақ күндермен есте қалмақ.

Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 3-8 градус жылыдан 14-19 градус жылыға, күндіз +12+17-ден 28-33 градус жылыға дейін біртіндеп жоғарлайды.

Енді мамыр айындағы жауын-шашынның айлық мөлшеріне тоқтала кетейік. Синоптик мамандардың болжауынша, ара-тұра өткінші жаңбыр жауып тұрады. Сондай-ақ, екінші және үшінші онкүндіктердің соңында күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Тағы мамыр айында оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метр болатын жел соғады.

Дана Ешкенова