МТРА жаңалықтары

Көзі тірі болса Геннадий Зенченко 85 жасқа толар еді

Ер есімі – ел есінде! Бүгін Қазақстанның Еңбек Ері, атақты аграрий Геннадий Зенченконың көзі тірі болса 85 жасқа толар еді. Бар ғұмырын агросекторға арнаған даңқты тұлға аянбай төккен тердің арқасында қарапайым механизатордан Қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастарушысына дейін көтерілді.

Геннадий Зенченко – Шал ақын ауданының тумасы. Петропавл ауыл шаруашылығы техникумын аяқтаған жас маман еңбек жолын 60-шы жылдардың басында қарапайым механизатордан бастаған. Кейін ұста, инженер болып та қызмет еткен. Ал 76-шы жылы бұрынғы «Новоникольский» совхозының, қазіргі “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің директоры атанған. Өмірінің 40 жылын Қазақстан Республикасының Еңбек Ері осы агроқұрылымға арнады. Шаруашылық басшысы мұнда өңірдегі мал басын асылдандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алды. Алқаптарды сары алтынмен жайнатып, көл-көсір өнім алды. Көзі тірісінде азамат: “Жасалғанның барлығы еліміздің гүлденуі үшін” деді.

Геннадий Зенченко, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері
– Мен Қазақстанның дамуына, гүлденуіне барынша үлес қосуға тырыстым. Шетелдерде пайда бола бастаған жаңашылдықтарды тез арада елімізге жеткізіп, осы жерде қолайлы жағдай жасап, шаруашылықты дамыттым. Бұның барлығы өзімнің жеке басымның атағы үшін емес, республиканың алдыңғы қатарлы қуатты мемлекет атануы үшін жасалды.

Атқарылғанның барлығы өз нәтижесін берді. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін Солтүстік Қазақстанда жасалған табиғи өнімдер танымал брендке айналып, халықтың жоғары бағасын иеленді. Тауарлар әлі де шығарылады. Сапасы жоғары дүниелерге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.

Геннадий Зенченко, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері:
– Біздің серіктестікте шығарылатын барлық өнім бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда кәсіпорын 40-қа жуық тауар түрін әзірлейді. Әрине, мұндай нәтижеге біртіндеп қол жеткіздік. Ең бастысы, тауарларда ешқандай консерванттар жоқ, барлығы табиғи өнімнен жасалған. Сондықтан, сұраныс та жоғары.

Ауылына қарап азаматын таны! Геннадий Зенченко тәжірибелі кәсіпкер ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға да бола білді. Ол өмірінің соңына дейін өзі тұрған елді мекеннің гүлденуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосты. Жетімдер үйі мен ардагерлерге көмек көрсетіп тұрды.

Геннадий Зенченко, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері:
– Менің күшім, денсаулығым таусылғанша дейін халыққа қызмет етуге әзірмін. Әр азамат елім, жерім деп адал еңбек етсе, Қазақстанымыз көркейе түседі. Барлығына айтарым, бір ауылға кішкентай жақсылық жасасаңыз, оның өзі үлкен игі іс болмақ.

Геннадий Ивановичтің ерең еңбегі елеусіз қалмады. Ол ҚР Еңбек Ері, “Алтын жұлдыз” ерекше кеуде белгісі, “Отан”, “Құрмет белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен марапатталған. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастарушысы 2016 жылдың 18 желтоқсанында 79 жасында дүниеден озды. Бүгін, яғни мамырдың 4-і күні Геннадий Зенченконың көзі тірі болса, 85 жасқа толар еді.

Дана Ешкенова