Әр түрлі

Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті

Сағат 10 кезі. Ауа райының салқындығына қарамастан шаһар көшелерінде таңертеңнен қызу жұмыс жүріп жатыр. Қолдарына сыпырғыш, тырнауыш пен күрек ұстаған бір топ азамат 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткіші тұрған саябақты қоқыстан тазартып, жан-жағын ретке келтіріп жатыр.

М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студеттері де мұндай игі істен қалыс қалмайды. Жастар қаланың тазалығына аса мән береді. Солардың бірі – Ақерке Қалел. 2-ші курс студенті әр сенбі сайын топтастарымен бірге шаһар көшелерін тазалауға шығып тұрады. Оған қоса, бойжеткен – волонтер.

Ақерке Қалел, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті
– Сенбіліктерге жиі шығып отырамыз. Бүгін 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне ескерткіш орнатылған саябақты қоқыстан тазартып жатырмыз.

Мемлекеттік қызметшілер, волонтерлер, қоғам белсенділері мен студенттер. Жалпы, шаһар көшелері мен саябақтарды күл-қоқыстан тазарту үшін бұл жолы 4 мыңға жуық азамат ат салысты.

Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі
– Сәуір айының ортасынан бастап қала әкімі Болат Жұмабековтың тапсырмасымен 3 айлық сенбілік жарияланған болатын. Соның аясында әр сенбі күні жастар, қоғам белсенділері және мемлекеттік қызметшілер қаланың тазалығы үшін ат салысып жатыр. Тазалық ең бастысы өзімізге керек. Тазалықты өзімізден бастасақ, қаламыз да таза болады.

Осы жолғы сенбілікте облыс орталығынан барлығы 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылыпты.

Дана Ешкенова