Мәдениет

“Ізденіс жылдары” кітабы жастарға таныстырылды

Жақсыбай Самраттың “Ізденіс жылдары” атты кітабы үстіміздегі жылдың басында жарық көрді. Ол үш бөлімнен тұрады. Алғашқысының атауы – “Ел қадірін көрген білер”. Мұнда автордың шет мемлекеттерге жасаған сапары, алған әсері кеңінен баяндалады. Ал келесі бөлімде жазушы-журналист тарих қойнауынан қызықты әрі тың деректерді ұсынады.

Жақсыбай Самрат, “Egemen Qazaqstan” газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі

– Мен 2014 жылы “Алтын Орда – біздің орда” деген атаумен “Egemen Qazaqstan” газетіне мақала жаздым. Ғалымдар бертінге дейін Алтын Орда біздікі емес деп келді. Мен біздікі екенін дәлелдедім. Абылайлардың барлығы Алтын Орданың хандарынан туған. Бәрі біздікі.

Соңғы бөлім “Тұрпатты тұлғалар” деп аталады. Мұнда автор тарихта қалған онға тарта қайраткер жайлы қалам тербейді. Он төрт жылдың көлемінде жазылған мақалаларды қамтитын тың туынды жастарға арнайы таныстырылып отыр. Сөз алғандар сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітап пен жазушының шеберлігіне қатысты өз ойларын жеткізді. “Soltüstık Qazaqstan” газеті бас редакторының орынбасары
Сағындық Мауғазин Жақсыбай Самраттың шығармашылығымен бала күнінен таныс екен.

Сағындық Мауғазин, “Soltüstık Qazaqstan” газеті бас редакторының орынбасары

– Бала күнімде газеттен оқыған Жақсыбай ағамыздың тұңғыш шығармасы – “Шаппашот”. Бұл шығарма жетім қалған ауыл баласының өмірі жайлы. Сол шығарманы сіздердей кезімде оқып, әсерлендім.

Залдағы жастардың арасынан “Ізденіс жылдары” кітабымен танысып үлгергендер де табылды. Жақында Сержан Нұртолқынұлы рухани азықты бір деммен оқып шығыпты.

Сержан Нұртолқынұлы, Қозыбаев университетінің студенті

– Бұл кітапты осы кітапханадан алдым. Бұл еңбекте тек бір өлкедегі өркениет немесе сол ұлттың дағдысы ғанат емес, бүкіл ұлттың руханиятына тығыз байланысты дүниелер айтылады.

“Ізденіс жылдары” – Жақсыбай Самраттың он үшінші еңбегі. Жазушы ағамыз алдағы уақытта мұнымен шектелмей баға жетпес кітаптардың санын арттырғысы келеді.

Жақсыбай Самрат, “Egemen Qazaqstan” газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі

– Шамам келсе, мүмкіншілік болса, жазғым келеді. Бірақ, соңғы уақытта қаламым суып кетті. Шығармашыл адамдарда мұндай болады.

Су жаңа туынды 300 данамен басылып шықты. Еңбек жақын арада қаладағы және аудандардағы кітапханаларға таратылмақ.

Байболат Култанов