МТРА жаңалықтары

Саясаткер әйелдер клубының жиыны өтті

Саясаткер әйелдер клубының отырысына “AQ JOL” партиясының өкілдері де келіп отыр. Қазіргі таңда аталған саяси бірлестіктің қаламызда 3 депутаты болса, соның 2-еуі нәзікжанды екен. Жиын барысында ұйымдағы қыз-келіншектердің жұмысына, азаматшалардың қоғамдағы орнына жергілікті филиалдың төрағасы Евгений Кинцель тоқталып өтті.

Евгений Кинцель, “AQ JOL” ҚДП СҚОФ төрағасы

– “AQ JOL” партиясы заңнамамен қатар, гендерлік саясатты да сақтап отыр. Жаңа Қазақстанды құрғымыз келсе, саясатта әйелдер болуы тиіс. Себебі, әйел – ең біріншіден болашақ ұрпақты тәрбиелейтін жан. Сондықтан, қоғамдық істе қыз-келіншектер міндетті түрде бой көрсетуі қажет.

Жиынның мақсаты да – осы. Қоғамдағы және саясаттағы әйелдердің белсенділігін арттыру. Мұндай жұмыс бекерден-бекер жүргізіліп отырған жоқ. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда басшылық қызметте, партияда нәзікжандалардың саны аз.

Зәуре Қартова, Саясаткер әйелдер клубының төрайымы:

– Кешегі кезектен тыс “AMANAT” партиясының съездінен кейін әйелдер қауымы мен қазақстандық қоғам алдына көптеген мақсат-міндеттер жүктелді. Жалпы, біздің гендерлік саясат концепциясына байланысты қоғамдық шешімдердің 30%-ын әйелдер қабылдап, саяси өмірге қатысулары тиіс. Өкінішке қарай, мұндай көрсеткіш әлі де қамтамасыз етілмей тұр. Әйелдердің саяси өмірге қатысуы өте төмен. Осыған орай клубта өткізілетін шаралар осы төңірегінде қарастырылуы керек.

Жалпы, өңірімізде Саясаткер әйелдер клубы 2020 жылы құрылған екен. Өткен жылы “Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы” құрамына кірген ұйымға бүгінде 33 солтүстікқазақстандық мүшелік етеді.

Алдияр Айтпаев