МТРА жаңалықтары

Аққайың ауылдық округіне жаңа әкім сайланды

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аққайың ауылдық округіне 6 елді мекен қарайды. Солардың ең ірісі – Октябрьское. Мұнда демалыс күніне қарамастан тікелей сайлау өтіп жатыр. Яғни, халық жәшікке бюллетень тастап дауыс беру арқылы арқасүйер атқамінерлерін таңдауда.

Ольга Ганина, №232 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, М.Жұмабаев ауданы:

– Сайлауға 3 үміткер түсіп отыр. Кандидаттармен жіті таныспыз. Әрқайысы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде тұрғындармен кездесіп, жоспарларымен бөлісті. Олардың сенімді адамдары да белсенділік танытты. Енді барлығы – халықтың қолында.

Халық та белсенділік танытты. Октябрьское ауылының тұрғындары сағат 9 бен 10-ның аралығында жаппай дауыс берді. Бәрі лайықты әкім сайланып, толғандырған мәселелердің тез арада біржақты етілгенін қалайды.

Проблема бар. Біз тілдескен тұрғындардың басым бөлігі жолдың жайына тоқталды. Аудан орталығы мен ауылды байланыстыратын трассаны қалыпқа келтіру қажет. Елді мекеннің ішкі көшелері де мәз емес. Ал тіршілік көзі көп ұзамай әлеуметтік маңызы бар нысандарға, үйлерге жетеді. Су құбырлары қазір ғимараттар мен баспаналарға біртіндеп тартылып жатыр. Мұндай оң өзгерісті іргедегі Суворовка селосының тұрғындары да қалайды. Олар бүгін Октябрьскоеға арнайы келіп, дауыс беруде.

Зоя Фролова, Суворовка ауылының тұрғыны, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– Жолымыз өте нашар. Қыстыгүні жөнді тазаланбайды. Ал жазда ой-шұқырдан жүре алмаймыз. Осы мәселені сайланатын әкім шешіп берсе екен деген тілегіміз бар.

Саяси іс-шараға алғаш қатысқан жастар назарсыз қалмады. Оларға естелік сыйлықтар таратылды. Тағы ауылдық округте көшпелі жәшіктер жұмыс істеді. №232 сайлау учаскесінің мүшелері 30-ға тарта үйге барып, дауыс жинады.

Байболат Култанов