Спорт

Қазақ күресінен республикалық жарыс жалауын желбіретті

Тепсе темір үзетін жігіттер қаз-қатар тізіліп тұр. Олар санаулы минуттардан соң ортаға шығып, өнер көрсетпек. Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған жарыс республикалық маңызға ие екенін айта кету қажет. Іс-шараның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев арнайы келіпті. Теріскей тумасы жиналғандарды айтулы датамен құттықтап, жергілікті балуандарға сәттілік тіледі.

Серік Жарасбаев, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:

– Президентіміз бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырма берді. Бұл жарысқа тәртіп сақшылары қатысып жатқанын ескерсек, сайыстың нағыз бұқаралық сипатқа ие екенін ұғынамыз. Қызылжар өңірінің спортшыларына сәттілік тілейміз!

Күн өткен сайын өңірімізде ұлттық спорт түрлерінің беделі артып келеді. Сұхбат барысында бейінді министрлік өкілі қолдау көрсетуге, одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Серік Жарасбаев, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:

– Біз дайынбыз. Егер ұсыныс болса, Қызылжар өңірінде республикалық жарыстар өткізуге дайынбыз.

Сонымен жарысқа келейік. Дода әр облыс орталығындағы полиция департаменті қызметкерлерінің басын қосты. Сондай-ақ, спорттық шараға “Динамо” дене шынықтыру-спорттық қоғамы орталық кеңесінен командалар келіпті. Сайыстың ашылу салтанатында қатысушыларға ән-жырдан шашу шашылды. Петропавлда жалауын желбіреткен республикалық жарыс ертең мәресіне жетпек.

Байболат Култанов