Қар еріп, су сіңгесін дархан дала тынысын кеңінен алып жатқандай. Көп ұзамай шапқан тұлпардың тұяғы тозатын төңіректе дән себу кешендері желдей жүйткімек. Түгін тартса майы шығатын танаптар Ғабит Мүсірепов ауданындағы “Буденное-СК” серіктестігіне тиесілі. Бір кездері бұл жер басы дауға қалған “Әліби” астық холдингінің қарамағында болыпты.
Мустафа Гулиев, “Буденное-СК” ЖШС бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Біз бұл ауылға “Әліби” компаниясы жұмысын тоқтатқан 2019 жылы келдік. Содан бері мүлде көңіл бөлінбеген алқаптарды қалыпқа келтірудеміз. Биылғы мақсатымыз – иелік ететін 31 мың гектар жердің 19 мыңына дән себу. Ауылда 200 пайшымыз бар. Бірде-бірін назардан тыс қалдырмаймыз. Әрқайсысы пай және төмендетілген бағамен қосымша жем-азық алады.
Былтырғы гектар берекелігі – 9-10 центнер. Биыл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болады дейді серіктестік басшысы. Мустафа Гулиев ауылды аяққа тұрғызу негізгі міндетім деп санайды. Халық көптен күткен істі азамат бастап та кетіпті. Елді мекендегі мына кешен жақын арада ашылады. Мұнда дүкен, наубайхана, асхана және қонақ үй болады.
Құрылыс мұнымен тоқтамайды. Биыл 1200 басқа шақталған тауарлы-сүт ферманың алғашқы кірпіші қаланбақ. Келесі жылы таспасы қиылатын өндіріс ошағы 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Мустафа Гулиев, “Буденное-СК” ЖШС бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Ауқымды жоспарымыз бар. Жұмысшыларға жаңадан үй салғызғымыз келеді. Ескілері болса, жөндеп көрсек дейміз. Өндірістік нысандарды қалыпқа келтіруді де мақсат етіп отырмыз. Шаруаны тегеурінді техникасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, жаңа техника аламыз.
Мемлекет те көмектеседі. Биыл Буденное ауылындағы көшелердің басым бөлігі жөнделеді. Іске қаржы бөлініпті.
Тотыгүл Ахметова – Буденное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Басқа жаққа көшкіміз келмейді. Осы жерге үйренісіп кеттік. Ауыл бізге де, балаларға да ұнайды.
Алефтина Гроза, Буденное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Мектебімізде би үйірмесі бар. Жақында балаларымыз алғаш рет Петропавлға барып, өнер көрсетіп қайтты. Қазылар алқасы дипломмен марапаттады.
Байболат Бектемірұлы, тілші:
– Ауылдағы жастарға жарыстарға дайындалатын кең нысан қажет. Мұндай ғимарат селода бар. Ол мына мәдениет үйі. Бірақ, ол жазғы уақытта ғана келушілерді қабылдайды екен. Мұны ескеріп кәсіпорын ғимаратты жөндеп бермекші. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп те қойыпты. Оған 5 млн теңдедей қаржы жұмсаған екен.
Ал мәдениет үйін жөндеуге 140 млн теңге керек. Жергілікті билік биыл қажетті соманы бөлуге ниетті. Ғабит Мүсірепов ауданында берекелі Бірлік деген де ауыл бар. Ерке Есілдің жағасында орналасқан бұл елді мекен де күн өткен сайын түрленіп келеді. Мыңға тарта адамның жайлы өмір сүруіне «ES GLOBAL-AGRO» серіктестігінің директоры Матвей Скорняков көп еңбек сіңіруде. Бүгінгі күні агроқұрылымның қарамағында бір кездері “Әліби” астық холдингі иелік еткен 23 мың гектар жер бар. Оның басым бөлігіне жылда ырыс дәні сіңіріледі.
Матвей Скорняков, «ES GLOBAL-AGRO» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Биыл 20 мың гектарға дән себеміз. Қазір осы аумақта ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Істің тең жартысы аяқталды. Пай беру – серіктестіктің негізгі міндеті. Былтыр тұрғындарға сапасы жоғары 600 тонна арпа үлестірдік. Ауылда жем-азықсыз қиын. Әр адам мал ұстайды. Сол себепті, тиісті үлестерін кешіктірмей беріп тұрамыз.
Қазір Матвей Скорняковтың қарамағында 100-ден астам адам жұмыс істейді. Алқапта астық өсіріп, өрісте мал жаятын тұрғындардың табысы былтыр 141 мыңды құрапты. Айта кетерлік жайт, Бірліктің білекті де, білімді жігіттері туған жерге ту тіккенді құп көреді. Яғни, жастардың дені жан-жақта емес, кіндік қаны тамған ауылдарында еңбек еткенді жөн санайды екен.
Матвей Скорняков, «ES GLOBAL-AGRO» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Серіктестікте маман жеткілікті. Бас агроном мен бас экономист – ауылдың жігіттері. Мына мектепте оқып, үлкен өмірге қанат қақты. Қазір қатарымызда аянбай еңбек етуде. Жақында осы елді мекеннің студенті бізде өндірістік тәжірибеден өтті. Ол да қолына диплом алғасын ауылға келіп, жұмысқа тұрмақшы.
Жөндеу, қажетті дүниелер сатып алу, көлік бөлу. Серіктестік елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар нысандарға үнемі қол ұшын созып тұрады. Бүгінде мұндағы мектеп, мәдениет үйі сынды ғимараттар мен 25 баспана агроқұрылымның қарамағындағы қазандық арқылы жылытылады. Қыстыгүні тақтайдай тегіс, мұнтаздай таза көшелер техника арқылы тазартылады. Ал күн жылынғанда тазалық шарасына тұрғындар да білек сыбана кіріседі. Бірліктіктердің бірлігі мықты.
Тамара Шульга, Бірлік ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бұл ауылға осыдан 6 жыл бұрын жолдасымыз екеуміз Петропавлдан көшіп келдік. Ауылдың адамдары тамаша. Үнемі қол ұшын созады. Серіктестік басшысы да үнемі көмектеседі. Бір ғана мысал, кәсіпорыннан бөлінген аспаз бен азық-түліктің есебінен мектепте түскі ас небәрі 200 теңге тұрады.
Байболат Бектемірұлы, тілші:
– Бірліктіктер спортқа жақын. Мына тұрған мектепте футбол құрамасы бар екен. Оқушылар осыдан 2 бұрын Петропавлға аттаныпты. Облыс орталығында шағын футболдан жарыс өтіп жатқан көрінеді. Оның үстіне мұнда шаңғышылар да көп. Әрі бір байқағанымыз мұндағы тұрғындардың көбі велосипедпен жүреді. Яғни, салауатты өмір салтын ұстанады.
Серіктестік басшысы Матвей Скорняков болашақта суармашылық егіншілікті де қолға алғысы келеді. Оның негізгі ойы -көл-көсір картоп өсіру.
Байболат Култанов