МТРА жаңалықтары

Облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтті

Былтыр ғана өз мәресіне жеткен “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын халық әлі ұмыта қойған жоқ. 5 жылға созылған жоба аясында аққайыңдар өлкесіне жұмыс күші басым өңірлерден 9 мыңнан астам адам көшіп келіпті. Олар облыстың 225 елді мекеніне орналастырылған екен. Өкінішке қарай, қоныстанушылардың барлығы бірдей жаңа мекенге үйренісіп, тұрақтай алмады. 600-ге тарта жан кері қайтуға мәжбүр болды.

Ринат Елжасов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Азаматтарды көшіру ісі 2022 жылы да жүргізіледі. Енді маңызды шаруа «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады. Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 2685 адамды қоныстандыру бойынша келісіміміз бар. Бұл жандардың 2556-сы жұмыс күші басым өңірлердің тұрғындары болса, қалған 129-ы – қандастар.

Солтүстікте жұмыс бар. Қазіргі таңда өңірде 1740 маман тапшы. Теріскейде қоныстанушылар еңбекпен де, баспанамен де қамтылады. Бірақ, ағайынға ұсынылған үйдің бәрі сапалы емес. Бұған көпшіліктің көзі жетті. Тіпті, мемлекет басшысының өзі жүрдім-бардым салынған нысандарды сынады. Осы орайда аз-кем статистикамен бөлісейік. Облыста 2019-2020 жылдар аралығында салынған 485 тұрғын жайдан кемшілік анықталыпты. Олардың 472-сі жөнделген екен.

Қайрат Мұстафин, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– 13 үйді жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Бұл баспаналардың 6-ы Айыртау ауданында орналасқан. Сот арқылы мердігермен келісімге келдік. Құрылысшылар осы жылдың 31-ші мамырына дейін кем-кетікті түзеулері тиіс. Ал қалған үйлер Мамлют және Тайынша ауданында тұрғызылған.

Сапалы үйдің құрылысы бір мәселе болса, тұрғызылған баспаналарды қоныстанушы жандарға беру – екінші проблема. Жиында шенеуніктер ғана емес, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев те сөз алды. Ол дайын нысандардың халыққа тапсырылмауына қатысты бірталай дерекпен бөлісті.

Павел Афанасьев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Ақжар ауданында 63 үй сатып алынған. Сонын 25-і немесе 39,7% қолданысқа тапсырылды. Уәлиханов ауданында қоныстанушыларға 81 жаңа баспананың 32-сі беріліпті. Тимирязев ауданындағы жағдай да мәз емес. Мұнда мемлекет меншігіне өткен 62 үйдің тек 6-ында ғана адамдар тұрып жатыр.

Салынған үй қараусыз тұрса, көп ұзамай жарамсыз күйге түседі. Сөз соңында Павел Афанасьев осыны алға тартты және атқамінерлерді жаңа ұлттық жоба аясында білек сыбана жұмыс істеуге шақырды.

Байболат Култанов