Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот. Бұл – көппәтерлі үйді басқарудың жаңа принципі. Жаңашылдықты енгізудегі мақсат – тұрғын үйлерді күтіп ұстау механизмін тиімді ету. Бұл ретте ұйымды басқару ісі мүлік иелерінің бірлестігіне, яғни тұрғындарға беріліп отыр. Азаматтар күрделі жөндеуге қажет қаражатты өздері жинап, ақшаның мақсатты жұмсалуын да өздері қадағалайды.
Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
– Бүгінгі күнде реформаны жүзеге асыру басталғаннан бері облыста басқарудың 1269 жаңа нысаны құрылды немесе жалпы санының орындалуы 82% пайызды құрайды. Оның ішінде 141 МИБ және 1128 жәй серіктестік.
Осы ретте сала мамандары 2 аудан мен Петропавл қаласы бойынша бір тұрғын үйді күтіп ұстауға ең аз дегенде қанша қаражат кететінін шамалаған. Мәселен, шаһардағы көпқабатты үйлердің тұрғындарынан пәтердің 1 шаршы метр үшін 34 теңгеден алынбақ.
Аслан Ілиясов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
– Жоба сараптамалық кеңестермен келісілді, қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды және Петропавл қаласының мәслихатымен бекітілді. Қазіргі уақытта тағы 3 нормативті-құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен пәтер иелері кооперативтері жұмысын тоқтатады. Оның орнына қазір мүлік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестіктер құрылып жатыр. Жалпы, бүгінде облыста 1800-ден астам көппәтерлі үй бар. Оның 84 пайызы міндетті түрде басқарудың жаңа түріне көшуі тиіс.
Дана Ешкенова