Азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралар

Аптадағы маңызды жаңалықтар

22:47 13 Сәуір 2022

“Азық-түліктің құны “күйіп” тұр, айлық шайлықтан мүлде артылмайтын болды”. Қазір қоғам арасында осындай әңгіме жиі айтылып жүр. Шынымен, дүкенге бара қалсаң, сөрелердегі соманы көріп, төбе шашың тік тұрады. Бағаның жоғарылауынан билік өкілдері де хабардар. Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Айдар Әбілдабеков қымбатшылықтың жалғыз бізге ғана емес, дүниежүзінде байқалатынын айтып, мынадай әлемдік статистика келтірді.

Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары:

– Өсімдік майларының бағасы – 56,1 пайызға, дәнді дақылдардың бағасы – 37,3 пайызға, сүт өнімдерінің бағасы – 23,6 пайызға, қант бағасы 22,6 пайызға өсті.

Баға түрлі себептен өсті. Пандемия, елдер арасындағы соғыс, маусымдық сұраныс, жанар-жағармайдың қамбаттауы. Сауда комитеті төрағасының орынбасары осы және өзге де факторларды алға тартт. Тағы пайдакүнем кәсіпкерлер бар. Олар “бір жеңнен қол, бір жағадан бас” шығарар шақта керісінше әрекет еткен. Яғни, үстемені шамадан тыс, мысалы 40 пайызға дейін арттырып жіберген. Қазір мұндай іскер жандармен күрес жүргізіліп жатыр.

Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары:

– Өткен аптада шекті бағадан асырғаны үшін 231 дүкен иесі жауапқа тартылды. Кейбір дүкен иесі түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін бағаны бірден түсірді. Сол үшін алғыс айтқым келеді. Мұндай жұмыс жыл басынан жүріп жатыр. 1800-ден астам заңбұзушылық табылды.

Бағаны түсірудің тағы қандай жолы бар? Нарықтағы ахуалды өзгертуге тұрақтандыру қорлары септесе алады. Қазіргі күні Қазақстанның әр облысында мұндай орындар құрылған. Оларда негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, яғни алғашқы қажеттіліктегі тауардың 19 түрі сақтаулы тұр.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры:

– Бүгінгі күні республикадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры 635 мың тоннаны құрайды. Оның 130 мың тоннасы тұрақтандыру қорында орналасқан. Егер ішкі нарықта қандай да бір тауарға деген бағаның өсуі немесе көлемнің азаюы тіркелсе, тұрақтандыру қорларынан тауарлық интервенция жүргізіледі. Осылайша тауар ішкі нарыққа шығарылады.

Азық-түлік бағасын ұстап тұрудың тағы бір жолы – экспорты шектеу. Бұл амалды ел билігі қолданып та жатыр. Мысалы, қазір Қазақстаннан 114 мың тонна ғана күнбағыс майын шығаруға болады. Сонымен қатар, қаңтар айынан бастап сыртқа ірі қара малды және ұсақ малды сатуға тыйым салынды. Бұл бұйрық алдағы 6 айда күшін жоймайды.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры:

– Қаңтар айында картоп және сәбіз дақылдарына деген де тыйым қабылданды. Кейін бұл тыйым квоталау шарасына ауыстырылды. Бүгінгі күні квота 144 мың тоннаны құрайды.

Брифинг барысында спикерлер бағаның тұрақталуына жаңа піскен отандық өнімдер де септесетінін айтты. Жақын арада еліміздің өңірлеріне Қазақстанның оңтүстігінде өсірілген тауар түрлері жіберілмек.

Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Облыс орталығында медресе салынады
Президент ҰҚК-ны реформалау туралы Жарлыққа қол қойды
Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру шаралары туралы
Қазақстандағы референдумға 40-қа жуық халықаралық бақылаушы келеді
СҚО-ға газ құбырын тарту мәселесі Сенатта қаралды
Аудан тұрғыны баспана мәселесімен облыс әкіміне жүгінді
Қоқыс полигонына қатысты заңбұзушылықтар анықталды
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барды
“Ботай пырағы – 2022” фестивалі
Қазақстанның 69 қаласында кәріз-тазарту жүйесін салу керек
ОБЛЫСТА ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙІ 6,7 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАДЫ
Мәжіліс депутаттары «Масло-Дел» серіктестігінде болды