Су тасқыны

Петропавлда 4 эвакуациялық пункт құрылған

 

Осыдан 1 апта бұрын қалалық әкімдік тарапынан құрылған арнайы штаб мүшелері шаһар аумағында тексеріс жүргізген. Нәтижесінде мамандар су басу қаупі бар 37 учаскені анықтаған. Яғни, ол аумақтарға еріген қар суы көп жиналған. Белгіленген жерлердің барлығында су сорғызу жұмыстары жүргізілген.

Исабек Жанғожин, Петропавл қаласы әкімі аппаратының ТЖ жөніндегі бас маманы:

– Тасқынның алдын алуға 50-ден астам техника жұмылдырылды. 129 мың текше метрден аса еріген қар суы сорылып алынды. Тұрғындар тарапынан түскен қоңыраулар бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көктем келгелі iKomek орталығына петропавлдықтардан 100 өтініш түсті. Соның негізінде құбырлар мен суағарларды тазарттық. Сондай-ақ, су сору жұмыстары жүргізілді.

Исабек Жанғожиннің сөзіне сенсек әзірге еріген судан келер қауіп жоқ. Бірақ, Есіл тасыса не болмақ? Жиынға қатысқан мамандар тарапынан осы жөнінде көп сауал қойылды.

Руслан Есеналин, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Сыртқы факторлардан тасқын болуы мүмкін бе? Мені осы мәселе алаңдатады. Егер су қоймаларынан Есілге су жіберілсе қаланың шеткері аумақтарына су жайылуы мүмкін бе?

Исабек Жанғожиннің айтуынша қазіргі күні Петропавл мен Сергеев су қоймаларындағы тіршілік көзінің деңгейі аса көтерілмепті. Өткен тәуліктегі мәлімет бойынша су көлемі демалыс күндерімен салыстырғанда 3-5 см-ге ғана жоғарылаған екен.

Бердимурат Баймухан