Әр түрлі

Мобильді қоғамдық қабылдау тобы Тайынша ауданында болды

Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылдық округіне 3 елді мекен кіреді. Мобильді қоғамдық қабылдау тобы алдымен аттас ауылдың тұрғындарын қабылдады. Бүгінде мұнда 3 мыңға жуық адам тұрады. Партия өкілдерімен кездесуге 30-ға жуық тұрғын келіп, сұрақтарын қойды. Солардың бірі – Алексей Завгородний. Оны су мәселесі алаңдатады.

Алексей Завгородний, Тайынша ауданының тұрғыны:

– Келлеровкада су жоқ. Мұнда топтық су желісін салу қажет. Билік өкілдері Сергеев қоймасынан тіршілік көзін тартамыз деп айтты. Бірақ, ол үшін 2-3 жыл күту керек.

Тіршілік көзінен бөлек, ауылдағы ағайын жастарға дене шынықтыру-сауықтыру кешені қажеттігін де алға тартты. Партия өкілдері бұл мәселе келесі жылы шешімін табады деді.

Галина Полякова, Тайынша ауданының тұрғыны:

– Дене шынықтыру-сауықтыру кешені тек жастарға ғана емес, зейнеткерлер үшін де, жалпы барлық санаттағы ауыл тұрғындарына қажет. Жаттығу залына зейнеткерлер де барып спортпен шұғылданғысы келеді.

Келлеровка ауылынан кейін “Аманат” партиясының мобильді қоғамдық қабылдау тобы Ясная Поляна ауылдық округіне барды. Бұл округке 3 елді мекен қарайды. Мұнда да тұрғындардан көп сұрақ түсті. Өзектілері ауыларалық жол жағдайы, интернеттің жоқтығы мен электр энергиясына қатысты.
Вишневка ауылында салынып жатқан мектептің құрылысына да тұрғындардың көңілі толмайды екен. Сөздерінше шаруа тым ұзаққа созылып кетті. Елді мекен оқушыларына Ясная Поляна ауылына күнде автобуспен қатынауға мәжбүр.

Әлия Садырбаева, «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау меңгерушісі:

– Бүгінгі таңда біз ел бойынша 120-дан астам ауылға бардық. Бір жарым мыңнан астам азаматты қабылдадық. Өкінішке қарай, барлық өңірлердегі мәселелер бір-біріне ұқсас, бұл – жарықтандыру, су және жол. Сондай-ақ, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі де өзекті. Сіздердің сауалдарыңызды республикалық деңгейде қарастыру қажет. Нұр-Сұлтанға жеткеннен кейін біз бұл сұрақтардың бәрін орталық мемлекеттік органдар алдында көтереміз.

«Аманат» партиясы облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы наурыздың ортасынан бастап жұмыс істеп жатыр. Бүгінгге дейін депутаттар өңіріміздің 5 ауданында 13 ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Енді мамандар ат басын Тимирязев ауданына бұрмақ.

Бердимурат Баймухан