Мәдениет

Өңірге гастрольдік сапармен Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының ұжымы келді

Солтүстікқазақстандықтар нұр-сұлтандық меймандарды құшақ жая қарсы алды. Күмбірлеген домбырамен әсем әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тигізді. Астана Musical театрының әртісі Зарина Жәкенова бір жыл бұрын Роза Бағланова туралы түсірілген фильмде күміскөмей әншінің рөлін сомдаған екен. Ал бүгін ол халық әртісінің «Аһ, Самара» әнін орындайды.

Зарина Жәкенова, Astana Musical театрының әртісі:

– Бүгін енді Роза Бағланованың репертуарынан әр түрлі әндер шырқалады. Олар «Еркем-ай», «Сәулем-ай». Алда тағы жоспарлар өте көп. Алматы қаласында, Қызылорда, Павлодар қалаларында осындай іс-шаралар жүргізілетін болады. Сол шараларға қатысамын.

Жалпы, бүгінгі концертте «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Қазақконцерт» ұйымының өнерпаздары өнер көрсетеді. Шамамен 40-қа жуық талант келген екен.

Данияр Маекенов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

– Биыл көркем әнші, қазақтың бұлбұлы, еліміздің халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. 8 сәуір күні сағат 19:00-де Ақан сері атындағы облыстық филармонияның шаңырағында әйгілі әншінің мерейтойына арналған концерт өтеді.

Жоспар бойынша Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының ұжымы гастрольдік сапармен Петропавлдан кейін Павлодар мен Қарағанды қалаларына да бармақ.

Самал Жунусова