Өткен айда еліміздің бірқатар өңірінде азық-түлік құны 36 пайыздан 47-ге дейін өсті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.
Ал сауда министрлігі өкілдерінің сөзінше азық-түлік бағасы геосаяси ахуалға байланысты күрт көтерілген. Елімізде бағаны тұрақтандыру бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынуда. Әр өңірде мониторингілік топтар жұмыс істейді. Мамандар соңғы үш аптада үйлерде орналасқан дүкендердің басым көпшілігін аралап шыққан. Нәтижесінде бағаны негізсіз көтерудің 259 фактісі тіркеліпті. Мониторингілік топ өкілдері мұндай дүкен иелеріне азық-түлік бағасын 15%-ға дейін төмендеткізген. Қымбатшылықпен күрес жүргізу аясында тауар өндірушілерінен арзандатылған бағамен сатып алынған азық-түлік бағаны тұрақтандыру қорлары арқылы сатылады деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
– Азық-түлік бағаларына қатысты ішкі жағдай бақылауда. Әлеуметтік маңызды 19 тауар түрі бар. Олардың қоры 1 млн тоннаны құрайды. Желтоқсан айында 2 млн тонна болды. Қордағы тауар көлемі уақыт өте келе азаяды. Сол үшін сыртқа шығарылатын азық-түлік түрлерінің бірқатарына шектеу қойдық. Бұдан бөлек шетелден тауар әкелу жөніндегі сұрақтар қаралып жатыр.
Бердимурат Баймухан