Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылындағы орталық көшелердің бірі. Көріп тұрғандарыңыздай, жолдың беті әбден тозған. Ойдым-ойдым жерлермен қозғалған жүргізушілердің көліктері бұл көшемен тарсылдап, шарқылдап әзер өтеді. Салдарынан темір тұлпарлардың дөңгелегі жиі тесіліп, жүріс бөлігі сынып қала береді. Әсіресе, қоғамдық көлік тізгіндеген жандар үшін бұл өткір тұрған мәселе екен.
Руслан Ахмадеев, қоғамдық көлік жүргізушісі:
– Жақында ғана автобустың амортизаторы сынып қалды. Дөңгелек тұрмақ, темір дүниенің өзі мынадай жолға шыдамайды. Жөндеу үшін 20 мың теңгеге жуық қаржы жұмсадым. Жүру мүмкін емес. Жылдамдықты сәл арттырсам көлік қатты шайқалады. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймын.
Ақырын жүріп, анық бас. Бұл – Прибрежное ауылындағы жүргізушілердің басты ұстанымы. Ойлы жолдармен жүрген жандардың барлығы ілбіп басып, темір тұлпарларын баяу қозғалтуға тырысады. Абай болмасаңыз, көлікті техникалық байқау станциясына апаруға тура келеді. Айта-айта жауыр болған мәселе жөнінде жұрт бүгін тағы да жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесіп, түйткілдің қашан шешілетінін сұрады.
Тұрғындардың сөзінше Прибрежное ауылындағы көшелер салынғалы жөндеу көрмепті. Қызметкерлер жыл сайын бетін қырып, тегістеп қана кетеді екен. Жолды жөндеп берсін деп халық жергілікті әкімдікке талай мәрте жүгінген. Бірақ, одан қайыр болмай тұр.
Аталған мәселеге қатысты мамандар жауап берді. «Жол міндетті түрде жөнделеді. Бірақ, бірнеше жыл күте тұру қажет» – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шоқыбаев.
Қуандық Шоқыбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– 2020-шы жылы автобус жүретін 4 жарым шақырым жолды өлшеп, жобалық-сметалық құжаттама әзірледік. Бұл жұмыстың өзіне көп уақыт кетті. Құжатты облысқа жолдадық. Енді ол «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына енгізілуі тиіс. Барлығы есептеліп, республикалық бюджеттен ақша бөлінген соң жөндеу жұмыстары жүзеге асырылады. Мәселе, 2025 жылға дейін шешімін табады.
Билік өкілдерінің сөзіне сенсек, мәселе шешіледі. Бірақ, ол уақыттың еншісінде.
Бердимурат Баймухан